Атырауда құрылысқа қажетті құрғақ қоспаның 10 түрі шығарылады
Атырау қаласында тұрғын үй құрылысы жанданып, өндірістік орындар салынып жатыр.
Құрылыс компаниялары қажетті материалдарды алыстан іздеп әуреге түспейді. Көбін жергілікті кәсіпкерлер өндіреді. Мысалы, құрғақ қоспа дайындайтын «Алькор-С» зауытының өніміне сұраныс жоғары. Бұдан бөлек көрші облыстардан тапсырыс берушілер бар. Құрылыс материалымен аудандарды да қамтып отыр.
Бұл зауыт 2015 жылдан бері құрылысқа қажетті құрғақ қоспаларды өндіріп келеді. Кәсіпорын нарықты сапалы тауарлармен қамтып қана қоймай, жергілікті тұрғындарға да жұмыс беріп отыр. Қазір мұнда 15 адам еңбек етеді. Шикізат ретінде отандық өнімдер қолданылады.
Саясат Дүйсенбеков, «Алькор-С» ЖШС сауда бөлімінің меңгерушісі:
- Үйдің ішкі жұмыстарына материалдар шығарамыз. Кафель желімі, «наливной пол», «гипс-штукатурка» секілді күнделікті материалдар. Мында 10 түрлі позиция шығады. Атырау облысында қарқынды жүріп келе жатыр. Құрылыстағылардың көбімен жұмыс істейміз. Сұранысқа ие.
Мұнда топырақ 300 градуста қыздырылады. Кейін сүзгілерден өтіп тазарады. Одан кейін құрылғылардың көмегімен қажетті қоспаларды әзірлейді. Дайын өнім қоймаға жөнелтіліп, сол жерден тапсырыс берушіге жеткізіледі. Мұнда күніне шамамен 60-70 тонна өнім дайындалады.
Тілек Дүйсәлиев, «Алькор-С» ЖШС қойма меңгерушісі:
- Өндірістен шыққан арнайы өнім осы қоймаға келіп жинақталады. Заказ берушілерге осы қоймадан жөнелтіп отырамыз. Сондай-ақ базарда сауда нүктелері бар. Оларға да жіберіп отырамыз.
«Басер» брендімен шығатын өнімнің сапасы шетелдік тауарлардан кем түспейді. Әрі бағасы да қолжетімді. Енді кәсіп иесі зауытты кеңейтіп, өзге өңірлерден де тапсырыс қабылдауды жоспарлап отыр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов.