Жетісу облысында биыл 10 мыңға жуық кәсіпкердің құқығы қорғалды
Жетісу облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті биыл он мыңға жуық кәсіпкердің құқығын қорғады.
Ауқымды жұмыс "Бизнеске жол" жобасы шеңберінде жүзеге асырылды. Президент жолдауында орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажеттігін атап өтті. Сондықтан кәсіпкерлерді қорғау басты назарда,- деді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Мақсат Жебегенов.
Жыл басынан бері Жетісу облысының бес мемлекеттік қызметшісі жауапкершілікке тартылды. Олар кәсіпкерлердің өтінішін уақытылы қарамаған. Сонымен қатар аграрлық субсидияны жалпыға бірдей емес, таңдаулы шаруаларға беруге ықпал еткен.
Мақсат Жебегенов, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы:
- Біздің араласуымыздан кейін 700 ауыл шаруашылық саласындағы кәсіпкерге субсидия төленді. Оның соммасы 1,6 млрд теңгені құрайды.
Мемлекеттік сатып алу саласында да кәсіпкерлер үшін әкімшілік кедергі көп. Негізінен конкурстың жеңімпазымен келісім-шарт жасамау сияқты жағдайлар кездеседі.
Мақсат Жебегенов, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы:
- Дер кезінде ақшаны аудармау, кәсіпкер өзінің жүктелген міндеттерді адал орындаған. Өзінің шығындары болған алайда жергілікті органдар тарапынан дер кезінде ақшасы төленбеген. Біз өз тарапымыздан зерттеп кәсіпкерге көмек көрсеттік.
Департамент қызметкерлері әрбір салаға сараптама жасап «Жемқорлық тәуекелдері» картасын әзірледі. Соның негізінде жолдауда айтылғандай әкімшілік кедергілерді жоюға ықпал етіп, заң бұзушылықты болдырмауға басымдық беріп отыр.
Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов