Қостанайда азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні өтті
Осымен 3-ші рет тұрғындар құқық қорғау және атқарушы билік органдарының басшыларына тікелей жолығып, талап-тілегін айтты.
Сот жүйесі, қоғамдық бірлестіктер мен байланыс қызметінің жетекшілері де болды. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдады. Облыс әкімінің бүгінгі қабылдауына 52 адам келіп, талап-тілегін жеткізді.
Бірыңғай қабылдау күні тоқсан сайын ұйымдастырылады. Әдеттегідей адам аяғы көп жүретін, қоғамдық орындарда өтеді. Мұндай шара кезінде тұрғындар мемлекеттік қызметшілермен тікелей жүздеседі. Облыс әкімінен бастап, орынбасарлары, басқарма, департамент басшылары түгел келеді. Одан бөлек, азаматтарды жеке мәселесі бойынша да қоғамдық қабылдау қатар өтеді. Негізгі мақсат – Президенттің «еститін Үкімет» тұжырымдамасын тиімді жүзеге асырып, халықтың талап-тілегін тыңдау.
Жұлдыз Ілиясова, облыс әкімі аппаратының қызметкері:
- Мемлекеттік органдардың қызметкерлері азаматтардың ұсыныс-тілектерін тыңдауға әркез дайын. Жыл басынан бері облыстық мемлекеттік органдарға 73 мың ұсыныс түскен. 2022 жылмен салыстырғанда бұл 38%-ке көп. 2022 жылы 52 мың ұсыныс тіркелген болатын.
Айта кетейік, Қостанай тұрғындарын қаланы абаттандыру және ескі тұрғын үйлерді жөндеу мәселесі алаңдатады.
Тамара Миткевич, қала тұрғыны:
- Қала орталығының эстетикалық бейнесі көңіл толтырмайды. Үйімізде де проблема бар, тұрғындар шатырдан су кетеді деп шағымданды. Бұл мәселелерді 2024 жылдың жоспарына қосамыз деп уәде берді.
Тағы бір бастамашыл топ өкілдері өз ұсынысын жеткізді. Олар бірінші топтағы мүгедек жанды шипажайға ертіп апаратын көмекшінің де сапарын бюджеттен қаржыландыруды сұрайды.
Адай Есмұратов, қала тұрғыны:
- Мұндай қызмет еліміздің бірнеше өңірінде бар. Облыс әкімі біздің ұсынысты қолдады. Бірінші топтағы мүгедекті шипажайға апарып, алып келетін адамның сапарын қаржыландыру келесі жылдың бюжетіне енгізілетінін айтты.
Азаматтарды қабылдаудың үшінші күнінде 163 өтінім түсті. Халықты мазалаған мәселелер бақылауға алынып, шешу жолдары қаралады, - деді мамандар.
Авторлары: А. Байменшина Артём Грапов, Сергей Трахтенберг.