«Railways Systems KZ» компаниясы өнеркәсіп көрмесіне өз өнімдерін әкелді
Елордада «ИННОПРОМ. Қазақстан» халықаралық өнеркәсіп көрмесі өтіп жатыр.
Өндіріс саласындағы алпауыттар жиналған шараға отандық «Railways Systems KZ» компаниясы да өз өнімдерін әкелді. Олар вагон мен теміржолдың қосалқы бөлшектерін шығарады. Кейін оны көрші мемлекеттерге экспорттайды. Ішкі нарықтағы сұраныстың да тең жартысын дәл осы компания жауып отыр.
Бұл заманауи вагон жақын уақытта ішкі бағыттағы ескі пойыздарды алмастырады. Жаңа көлік жолаушыға жайлы әрі қауіпсіз. Сондай-ақ мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы купе бар. Қазірдің өзінде ел ішінде мұндай вагонның 40 данасы қатынайды.
Жәнібек Тайжанов, «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры:
- Вагонның сапасы барлық талапқа сай келеді. Қауіпсіз әрі жайлы. Қазір ел ішінде 20 жылдан аса уақыт жүрген вагондардың орнына алмастыру жоспарда бар. Алдағы уақытта тағы алдырамыз. Осылайша, 2030 жылға қарай ескі вагондардың үлесі небәрі 3% болады.
Көкжиегі кең кәсіпорын жылына дәл осындай 2,5 мың вагон шығарады. Сондай-ақ 40 мыңнан аса теміржол осьі мен 20 мың жұп доңғалақ өндіреді. Кейін оны Ресей, Өзбекстан, Грузия сынды мемлекеттерге экспорттайды. Компания құраманда 8 кәсіпорын бар. Онда 3 мыңға жуық адам еңбек етеді.
Сергей Павлингер, Railways Systems KZ қауымдастығының негізін қалаушы:
- Ішкі нарықтағы сұраныстың 50%-ін жабамыз. Өндірген өнімді Қазақстаннан бөлек, 3 мемлекетке сатамыз. Қазір барлық келісімшартқа қол қойылды. Шетелден біздің компанияның вагонына да, қосалқы бөлшектеріне де сұраныс бар. Кәсіпорынды аяқтан тұрғызуға мемлекет тарапынан көп қолдау көрсетілді. 220 млрд теңге инвестиция құйылды.
Алдағы уақытта кәсіпорын өндіріс аясын кеңейтуді көздеп отыр. Жаңа зауыттар салынып, қосымша жұмыс орындары ашылады. Отандық өнімнің экспорттық әлеуеті де артады.
Авторлары: Бекзат Аманов, Мұрат Әріпханов.