Теміртауда жылу маусымына дайындық барысы қандай?

Теміртау қаласының тұрғындары биыл да жылыту маусымы уақытылы басталмай қала ма деп алаңдайды.

Былтырғы жағдайдан кейін тұрғындар сары уайымға салынған.

Естеріңізде болса, мердігерлер жылу желісін ауыстырып үлгермегендіктен, пәтерге жылу кешігіп берілген еді. Биылғы дайындық барысы қалай? 

Теміртаудағы 2-ші жылу-энергия станциясы қаланың басым көбіне жылу таратады. Қазір мұндағы 5 қазандық қысқа дайын тұр. Сондай-ақ биыл 7-ші қазандықта жоғары су жылыту жүйесіне күрделі жөндеу жүргізілді. Ал №6 қазандықта дәл осы жөндеу жұмыстары өткен жылы жасалған.

Максим Глушенков, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ 2-ЖЭО бас энергетигі:

- Жылу маусымын бастау үшін 4 қазандық жеткілікті. Барлық қажетті температуралар сақталады. Қазан айының ортасында біз 5-ші қазандықты іске қосамыз. Ал қараша айының орта не соңына қарай 6-шы қазандық дайын болады. Биыл біздің бір қазандығымыз сағатына 380-400 тонна бу шығарады. Салыстыру үшін айтсақ, былтыр бұл көлем 300-320 тонна шамасында болған. 

Ал қаланың ішкі жылу желілер әлі жөнделіп жатыр. Былтыр қала билігі 7 шақырым жылу жүйесін ауыстырған болса, биыл да бұл жұмыстар 29 шақырым құбырда жалғасқан. Жауаптылар құбыр ауыстыру кестеге сай аяқталады дейді. Бірақ тұрғындардың көбі күмәнмен қарап отыр. 

Тұрғын:

- Қазір көріп тұрмыз енді, жұмыс жүргізіліп жатқан сияқты. Білмеймін қалай боларын. Биыл бүкілін ауыстырып жатыр, жақсы үлгереді деп ойлап тұрмыз.

Теміртау қаласының әкімдік мамандарының сөзінше, қазір 30-ға жуық үй қыс мезгіліне дайын емес. Ол үшін әлі 400 метр құбырды ауыстыру керек. Ал жылыту маусымы қазан айының басында басталмақ. Нақты күні әзірге белгісіз.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.