Атырау облысында 15 елді мекенге мектеп автобусы табысталды
Атырау облысында 15 елді мекеннің оқушыларын қауіпсіз тасымалдау мәселесі шешілді.
Бүгін облыс әкімі жаңа 15 автобусты табыстады. Балалардың қауіпсіздігі мен алаңсыз білім алуы үшін заманауи көліктер шалғай аудандарға да берілді. Енді 600-ге жуық бала мектепке кедергісіз барып келеді.
Қала іргесінде орналасқан Береке ауылындағы орта мектепте қазір 1200 бала оқиды. Жаңа 15 автобустың біреуі осы білім ошағынлағы оқушылардың игілігіне берілді. Мектептен 3-4 шақырым қашықта тұратын балалардың бұған дейін барып-келуі қиындық тудырған еді. Енді 40-тан аса оқушы жайлы автобуспен қатынайды.
Ләззат Бақытова, Береке орта мектебінің директоры:
- Осыған дейін мектебімізде 2017 жылы берілген шағын микроавтобус – «Газель» автокөлігі болды. Олар таңертең бірінші ауысымдағы сабаққа келуі үшін 7-де тұрып, сол автокөліктің бірінші рейсіне міну керек болды. Сосын әкеліп тастап, екінші рейске қайтып барады. Түстен кейінгі де қатынас осындай болды. Ал бүгінгі беріліп жатқан 36 орындық автокөлік бірінші және екінші ауысымға балаларды бір мезетте әкелуге мүмкіндік жасап отыр.
Жаңа автобустар қауіпсіздік белдіктерімен, сөмкеге арналған сөремен, бейнекамералармен жабдықталған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалар үшін де қолайлы.
Серік Шәпкенов, облыс әкімі:
- Ең басты мәселе – балалардың қауіпсіздігі. Тиісті деңгейде білім алуы үшін, тәрбие алуы үшін біз оларға жағдай жасауымыз керек және қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Бұл – осы балаларға толыққанды қауіпсіз, бір жерден екінші жерге жетуге істелген игі істер. Сондықтан осындай жұмыстарымыз көбірек болуы керек.
Балалардың игілігі үшін тағы 8 автобус алынады. Қазан айында қала мектептеріне табысталады деп жоспарланып отыр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов.