Қызылордада фри шығаратын зауыт іске қосылды
Қызылордада картоп өнімін өңдеу арқылы мұздатылған фри шығаратын зауыт іске қосылды.
Құны 600 миллион теңгені құраған жаңа өндіріс – өңірдегі ірі инвестициялық жобалардың бірі.
Зауыт сағатына 300 келі мұздатылған фри дайындайды. Жаңа өндіріске 18 адам тұрақты жұмысқа қабылданған. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев зауытты салтанатты ашу рәсіміне қатысып, өңір өндірісіндегі өркенді істерді атап өтті.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
- Бұл ірі жобалардың жүзеге асуы өңірде инвестиция көлемін арттыруға септігін тигізіп жатыр. Биыл өңірге 472 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылды. 2023 жылдың басынан бері кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден 24 миллиард теңгеге жуық қаржы қаралып, 2 мың 500-ге жуық жоба қолдау тапты.
Соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған зауыт өнімі әзірге облыс көлеміндегі дәмхана, мейрамхана, асханалар мен дүкендерге өткізіледі. Алдағы уақытта зауытқа керек картопты жергілікті жерде өсіру жоспарланған.
Мұрат Сәрсенбаев, серіктестік директоры:
- Облысымызда ғана емес, бұл – республикамыздағы бірінші ашылып жатқан фри зауыт. Келешекте бұның күштілігінде, бәрін дамытуға әрі қарай жұмыс жасаймыз. Бұның бәрі – қазіргі уақытта бастап көріп жатқан нәрсеміз. Бірақ дегенмен басқа облыстардан сұраныс болып жатса, оларға да жеткізіп беруге дайынбыз.
Индустрияландыру картасы аясында облыста құны 980 млрд теңге болатын 46 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Жыл соңына дейін құс фабрикасы, көкөніс сақтау қоймалары, 3 күріш ақтау зауыты, сүт өңдейтін цех жұмысын бастамақ.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Айтмұхамбет Байділдаев.