Егіндікөл ауданының тұрғындары ауызсудан тарықпайды
Ақмола облысындағы Егіндікөл ауданының 10-нан астам ауылы жыл соңына дейін сапалы ауызсумен қамтылады.
Қазір елді мекендегі ескірген құбырлар ауыстырылып жатыр. Жобаның алғашқы кезеңіне республикалық қазынадан 380 миллион теңге бөлінді.
Егіндікөл ауданының тұрғындары осы күнге дейін тасымалданатын ауызсу тұтынып келеді. Жергілікті халықтың тіршілік нәрін үнемдеп пайдалануға әбден еті үйренген. Тіпті аудан орталығының өзінде жағдай қиын. Енді мұның бәрі артта қалды. Ауданға орталықтандырылған су тартылып жатыр.
Бахыт Әмірханова, Егіндікөл ауылының тұрғыны:
- Судың тапшылығын көптен көріп келдік. Бірде бар, бірде жоқ болатын. Жоқ кезде арнайы машинамен жеткізетін. Бірақ халыққа ол жетпейтін. Енді су мәселесі шешеледі деп сенгіміз келеді және сенеміз.
Ауданда ұзындығы 85 шақырымға тең су құбыры жаңартылып жатыр. 2 жобаға бөлінген құрылыс жұмыстары жыл соңында аяқталуы тиіс.
Ерлан Мұхамедин, Егіндікөл ауданының әкімі:
- Бұл жоба өте маңызды. Көбінесе апаттың бәрі осы 63 шақырымда болатын. Қазір осы құбырларды толық ауыстырып жатырмыз. Ал тұрғындарға ауызсу кезең-кезеңімен беріледі. Жыл соңына дейін аудан тұрғындары су қысымының жоғарылағанын анық сезеді.
Ауданға тіршілік нәрі келетін Нұра су қоймасын да жаңғырту қолға алынды. Нысан толығымен жөнделсе, аймақтағы 20-дан астам елді мекенге су беріледі. Егіндікөлден бөлек, бұл тізімде Қорғалжын және Атбасар аудандары бар.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный.