Атырауда белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды
Атырауда қала күні қарсаңында және 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ашылды.
Жаңа нысанда зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар уақытын көңілді әрі пайдалы өткізе алады. Мұнда егде жастағы тұрғындар үшін түрлі үйірме ашылған. Йога, дене шынықтыру, музыка мен қолөнер шеберлері сабақ береді.
71 жастағы Нұрия Баймұқанова – жаңа орталыққа алғаш келушілердің бірі. Немере-шөберелерін аяқтандырған әже енді өзіне уақыт тауып, денсаулығын күтіп жүр. Осы орталықта түрлі іс-шараға қатысып, замандастарымен бірге уақытын тиімді әрі пайдалы өткізгісі келеді.
Нұрия Баймұқанова, зейнеткер:
- Йога жасап жатырмыз бастап, сосын қолөнер. Алда тағы да болады деп жатыр. Жаңа тоғызқұмалақ болады деді. Компьютерге оқытамыз деп жатыр. Енді әркім өзінің шамасы келгенше қатысады ғой. Біздер – үлкен кісілерміз. Бірде ауырып қаламыз. Өзіміз қатысқымыз келгенге қатысып жатырмыз.
Орталық 14 бағыт бойынша жұмыс істейді. Бір күнде 60-қа жуық адамды қабылдай алады. Зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік көмек көрсетуге арналған орталықта йога маманы, заңгер, психолог, информатика пәнінің мұғалімдері қызмет етеді.
Нұржан Ермұқанов, қала әкімінің орынбасары:
- Бұл орталықтың маңыздылығы, ерекшелігі өте үлкен. Бұл орталыққа қарттарымыз келіп, таңертеңнен кешке дейін өзінің уаытын тиімді пайдалануға жасалған жағдайға қатысып, осы жерге күн сайын келе алады. Осы жерді алаң ретінде пайдалану, яғни келіп шахмат ойнап кету емес, болашақта ол кісілер өзінің қажеттілігін сезіну, жастарымызды осы орталыққа тартып, қарттарымызбен бірге шараға араластыру.
Мұндай орталықтар әлі де салынады. Алдағы уақытта Геолог, Авангард ықшам аудандарында ашу жоспарланып отыр. Шаһарда зейнет жасындағы жандар үшін тіл оқыту курстары да жұмыс істеп жатыр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов.