ОСК төрағасы Атырау облысының сайлаушыларымен жүздесті
Биыл Атырау облысы бойынша Исатай және Қызылқоға аудандарының әкімі сайланады.
Сайлау күні Атыраудың 2 ауданының 60 мыңға жуық тұрғыны ауданның жаңа басшысын таңдайды. ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мұнайлы өңірдегі аудан әкімдерін сайлауға дайындық барысын пысықтады. Сайлаушылармен кездесті, жастармен жүздесіп ашық әңгімелесті.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылдық округіндегі кездесуінде ауыл тұрғындары негізінен жеке басының емес, ауылды, ауданды толғандыратын өзекті проблемалдарды ортаға салды. Бұл қоғам санасының өскенінің айғағы болса керек-ті. Ал Миялы селосында өткен жастармен жүздесуде ауыл жастары ауданның болашақ басшысының атқарар жұмысын саралап бергендей болды.
Айсәуле Ардаққызы, жас сайлаушы:
- Қызылқоға ауданындағы маңызды мәселелердің бірі – ауызсу мәселесі. Онан кейін экология мәселесі, сонымен қатар жастардың демалатын орындары, саябақтарды көптеп салу, құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында тәртіптік шараларға баса назар аударса деген жастардың атынан тілегіміз бар.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы сапарында Исатай және Қызылқоға аудандарындағы жастарға жете көңіл бөлді. Жүздесті, сауалнама жүргізді, пікір алмасты .
Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Сауалнама арқылы олардың барлығының пікірін жинап алдым. Біз үшін, Орталық сайлау комиссиясы үшін, бұл өте маңызды. Ал енді бүгінгі кешегі осы облыстағы қатысқан жастардың 100% сайлауға қатысатынына мен кәміл сенемін. Өйткені олар – ой тоқтатып, пікір айтқан жігіттер мен қыздар.
Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясына қарасты сайлау учаскелерін аралаған төраға жергілікті жердегі сайлаудың ерекшелегіне байланысты тапсырмалар берді. Биыл аудан әкімдерін таңдайтын Исатай ауданында 15, Қызылқоға ауданында 19 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Мұнайлы ауданының басты ерекшелігі – вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтардың саяси науқанға қатысуын қамтамасыз ету. Ол үшін сайлау күні арнайы автобустар ұйымдастырылады. Кеніштердегі сайлаушыларды жұмыс беруші мекемелер мен жергілікті атқарушы билік қамтамасыз етеді.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов.