Өндіріс қауіпсіздігіне үлес қосқандар марапатталды
Өндірістегі қауіпсіздік, еңбек және қоршаған ортаны қорғау.
Бүгін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 8-ші жыл сайынғы бас директорлар форумын өткізіп, еншілес кәсіпорындарында осы қауіпсіздік ісіне қосқан үлесі үшін бірқатар қызметкерлерін марапаттады. Бұл мамандар өз жұмыс орындарында ешбір жазатайым оқиғаның болмауын қадағалап, еңбек қауіпсіздігіне баса мән беріп келеді.
Қошеметке бөленгендердің қатарында «ЕмбіМұнайГаз» компаниясында 32 жыл еңбек етіп келе жатқан Ерболат Қуанышалиев те бар.
Ерболат Қуанышалиев, «ЕмбіМұнайГаз» АҚ мұнай дайындау учаскесінің шебері:
- 32 жыл ішінде жұмыстың әрбір саласында жұмыс істедім. Мұнай өндіру саласында да, мұнай дайындау саласында да. Сол кездерімде өзім қауіпсіздік шараларын сақтауға тырыстым, басшыларым сол кездегі қауіпсіздік шараларын сақтауға да үйретті.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорындарында бүгінде «Қорғау» қауіпсіздік картасы сәтті қолданылып келеді. Бұл жүйе арқылы қызметкерлер қандай да бір бұзушылық деректері анықталған кезде немесе еңбек қауіпсіздігін жақсарту бойынша өз ұсыныстарын енгізу үшін картаны толтырады. Бұның арқасында «нөлдік төзімділік» қағидаты қатаң сақталып келеді.
Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:
- Бүгінде ҚазМұнайГаз қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға және бізбен жұмыс істейтін кез келген адамның денсаулығын қорғауға, сондай-ақ кәсіпорындарымыз орналасқан өңірлердің экологиялық тұрақтылығын сақтауға басымдық береді. Біз үшін бұл құндылықтар үлкен маңызға ие.
Айта кету керек, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы былтыр Халықаралық мұнай және газ өндірушілер қауымдастығының «Өмірлік маңызы бар ережелерін» қабылдаған. Бүгінде еншілес кәсіпорындарда қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі қатаң түрде сақталып келеді.
Авторлары: Риат Шони, Диас Қобыланбаев.