Теміртауда дзюдодан «Магнитка шамдары» турнирінің қорытындысы шығарылды
Теміртауда дзюдодан ұлдар мен қыздар арасындағы «Магнитка шамдары» дәстүрлі турнирінің қорытындысы шығарылды.
Жарыс көп жылдан бері "АрселорМиттал Теміртау" АҚ қолдауымен өткізіліп келеді.
Теміртаудың дәстүрлі "Магнитка шамдары" турнирі биыл 23-ші мәрте жалауын көтерді. Жарыс қазан айының 2 мен 8 аралығында "АрселорМиттал" спорт кешенінде өтті. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген 700 балуан өзара мықтыларды анықтады.
Сергей Дмитренко, дзюдодан аға жаттықтырушы /Теміртау қаласы/:
- Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бұл турнир қайта жанданды және оған әркез "АрселорМиттал Теміртау" АҚ демеуші болып келеді. Жас спортшыларды қолдау сайып келгенде олардың спорттық шеберлігін шыңдай түсуіне мүмкіндік береді.
Бүгінде "Магнитка шамдары" турнирі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Амантай Айдархановты еске алу мақсатында халықаралық деңгейде ұйымдастырылып жүр. Сондықтан, оған қатысатын жастардың дені әлемдік сындарда топ жарған жеңімпаздар мен жүлдегерлер.
Мақсұт Темірханов, жарысқа қатысушы /Астана қаласы/:
- Бұл турнирге келу себебім үздік нәтиже көрсету. Өйткені осыған дейінгі жарыста жеңілдім, көңіл-күйім де түсіп кетті. Сондықтан сайысқа ұзақ дайындалып, барлық күш-жігерімді салдым. Турнир жоғары деңгейде өтті, ұйымдастырылу деңгейі де өте жақсы. Осындай жарысқа қатысуға мүмкіндік бергеніне алғыс айтамыз.
Жасөспірімдер арасындағы командалық есепте бірінші орынды Алматылық дзюдошылар, ал екінші орынды Теміртау құрамасы иеленді. Өзбекстан мен Қарағандылық балуандар үшінші орынға тұрақтады. Қыздар арасында Қарағандылық дзюдошылар командасы үздік шықты. Елордалықтарға екінші орын бұйырса, Теміртау мен Өзбекстан құрамалары жүлделі үшінші орынды бөлісті. Турнир жеңімпаздары "спорт шеберіне кандидат" атағын иеленді. Сонымен бірге медаль және кубоктармен бірге ақшалай сыйлықтар табысталды.
Талғат Серікқалиұлы