Ақтөбе облысында «Тары FEST» этнофестивалі өтті
Ақтөбе облысының Ойыл ауданында дәстүрлі «Көкжар жәрмеңкесі» ұйымдастырылып, алғаш рет тары шаруашылығымен айналысушылардың этнофестивалі өтті.
3 бірдей өңірден жиналған қатысушылар өз өнімдерін көпшіліктің назарынан ұсынып, таңғалдырды. Шара барысында даңқты тұлға Шығанақ Берсиевтің өмірі мен еңбегі кеңінен дәріптелді.
Ақзер Қайыржанованың дастарханынан ешқашан тары үзілген емес. Ас түрін дайындауды бала күнінен әдетке айналдырған. Тіпті күзде келдекке баруды тұрағты жолға қойды. Зейнеткер әженің тәлімін көрген балалары мен келіндері де тары-талқанды әзірлеудің қыр-сырын әбден меңгерген.
Ақзер Қайыржанова, Ойыл ауылының тұрғыны:
- Тары қуырғаныма 42 жыл болды. 2 жыл болды зейнетке шыққаныма, содан тары қуырып сатып жатырмын қазір мен. Тарыдан көп тағамдар жасайды ғой, майсөк жасайды, жаңағыдай жент жасайды әртүрлі.
«Тары FEST» этнофестивалі биыл алғаш рет республикалық деңгейде өтті. Оған Ақтөбеден өзге, көрші Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының 13 ауданынан келген үміткерлер қатысты. Олар тары қуыру, оны келі-келсаппен түю және ұшыру, тары өнімдері секілді бірнеше бағыттан тұратын сайыстарға қатысты. Сондай-ақ қолөнер шеберлерінің көрмесі де шара қонақтарын таңғалдырды.
Асхат Шахаров, облыс әкімі:
- Осы шара әрі қарай жалғасын табады деп сенімім мол. Себебі ол ұрпақтар сабақтастығы ретінде біз жалғастыруымыз қажет. Ол – біздің парызымыз.
Фестивалдің атақты тарышы Шығанақ Берсиевтің туған жері – Ойыл өлкесінде өтуі бекер емес. Шара аясында даңқты диқанның зор еңбегін паш еткен қойылым сахналанып, «Әлем. Тарих. Тары» атты республикалық конференция өтті. Онда әйгілі тұлғаның ақ тарысын қайта жандандару мәселесі де талқыланды.
Есмұхан Мұхамбетқали, Ш. Берсиевтің жиені:
- Әрбір масақтың бәрінен тергенде мыңның үстінде тары шығады. Бұл өнімді тағам болғандықтан, Ш. Берсиев осы тары еңбегін таңдап алды.
Биыл облыс бойынша 5 ауданда тары өсіріліп, диқандар әр гектарынан 10 центнерге жуық өнім алды.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков.