Теміртаулықтарға ағаш көшеттері таратылды

Теміртау қаласының тұрғындарына ағаш көшеттері тегін таратылды.

Тек бір шартпен. Әр адам оны өз ауласына егіп, күтіп-баптауы тиіс. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы бұл игі шараны жыл сайын өткізіп келеді. Сонымен биылғы «жасыл акцияға» қанша адам қатысты?

Теміртау қаласының тұрғындары бұл жолы 500 түп көшет алып, үй ауласына екті. Осылайша, қаланы көгалдандыруға әркім өз үлесін қосып жатыр. Негізінен Арқаның климатына төзімді ағаш түрлері таңдалған.

Татьяна Миронова, қала тұрғыны:

- Үй ауласында ағаш аз болды. Өткен жылы біз саяжайдан әкеліп, біраз түп ектік. Бірақ жеткіліксіз. Ауламыздың жасыл желекке оранғанын қалаймыз. Бүгін біраз көшет алдық. Енді егеміз. Ең бастысы, жерсінсе болды.

Татьяна Николаева, қала тұрғыны:

- Біздің үйдің ауласы өте әдемі. Тұрғындар да ұйымшыл. Бұл жолы да бірлігімізді көрсетіп, бірнеше түп ағаш ектік.

Ағаш көшеттері жергілікті тұқымбақта өскен. Сапасы өте жақсы, - дейді «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының жасыл офицері. Бұл күні мамандар тұрғындарға ағашты күтіп-баптаудың да қыр-сырын үйретті.

Мәдина Қуантаева, «АрселорМиттал теміртау» АҚ экология жөніндегі директоры:

- Бізде көшеттің сан түрі бар. Долана, мойыл, терек, қарақат, алма ағаштарына сұраныс көп. Алдын-ала тапсырыс берген тұрғындардың барлығына жеткізіледі. Біз көшеттерді тек үлестіріп қоймай, келешекте олардың көркейіп өсуін де қадағалаймыз.  

Компания өз еңбеккерлерін де ұмыт қалдырған жоқ. Металлургтерге 3 мың түп ағаш таратты. Жасыл желек келешекте шаһардың экологиялық ахуалын жақсарта түсетіні анық.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Зарина Зұлпыхар.