Қостанайда 45 отбасы қоныс тойын тойлады

Қостанайда 45 отбасына жаңа пәтердің кілті табысталды.

Алдағы Республика күніне орай Қонай шағын ауданындағы жалдамалы үй жетім балаларға, көпбалалы отбасыларға берілді. Әлеуметтік аз қамтылған, мемлекет жәрдеміне мұқтаждар да қоныс тойын тойлады.

Жаңа баспанаға ие болғандардың бірі – Жұпар Есболатова. Көпбалалы ана пәтерді ұзақ жыл күтіп, жалдап тұратын. Енді оған 3 бөлмелі пәтер бұйырды. Оның қуанышын бөлісуге туған туыстары, қала әкімі де арнайы келді.

Марат Жүндібаев, қала әкімі:

- Көптен күткен оқиға, құтты болсын жақсы!

Қонай шағын ауданындағы бұл үй кедергісіз орта талаптарына толық жауап береді. Кіреберісі жүріп-тұруы қиын азаматтарға бейімделген. Ауласында балалар алаңы бар.

Елена Диденко, қала тұрғыны:

- Кезек бізге де келіп жетті. Өте қуаныштымыз. Бұл шағын ауданның болашаға зор. Мектеп, балабақша, емхана салынады. Енді қалаға қатынайтын автобус саны ұлғайса дейміз.

Қонайда желтоқсан айында тағы 900 оқушыға арналған мектептің құрылысы аяқталады. Болашақта шағын ауданның аумағы 400 гектарға ұлғайып, тұрғындар саны 80 мыңға жетеді деп жоспарланып отыр. Көгілдір отын тартылып, ықшам аудан біртіндеп дами береді.

Марат Жүндібаев, қала әкімі:

- Жыл соңына дейін облыс орталығыда 33 көппәтерлі үй пайдалануға беріледі. 9 айдың ішінде 16 үй тұрғынға толды. Биыл қоныс тойын барлығы 1600-ден астам отбасы атап өтеді.

Жалпы жыл соңына дейін қолданысқа берілетін жалдамалы үйлердің саны 4-ке жетеді. Осылайша жалдамалы пәтерлерге 370 отбасы ие болады. 

Ғабит Бектабанов, қалалық тұрғын үй қатынастары басшысының м. а.:  

- Бұл үй «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынды. Тұрғындар жалдау ақысын төлеп осында тұра береді. Негізінен ондай пәтерлер кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға, жетімдерге беріледі.

Пәтер кілттеріне ие болған тұрғындар бір кісідей аулаларын абаттандыруға кірісті. Жақын арада Қонайда 1500 түп ағаш егіледі.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров.