Атырауда 25 күнде 35 мың тонна полипропилен өндірілді
Атыраудағы «KPI» газ-химия кешені жоспарлы жөндеуден кейін өнім көлемін арттырды.
Кәсіпорын 25 күнде 35 мың тонна полипропилен өндірген. Қыркүйекте қалыпты жұмысқа көшкен зауыт қазір күніне 1500 тонна өнім дайындайды.
Газ-химия кешені жылына 550 тонна полипропилен өндіруге қауқарлы. Қазір кәсіпорында 4 бірдей эстакада жұмыс істеп тұр. Дайындалған өнім ішкі нарықты қамтығаннан кейін шетелге экспортталады. Бүгінде сапалы өнім Еуропа мен Қытай, Ресей мен Түркияға тасымалданып жатыр.
Азамат Мұздақов, «KPI Inc.» ЖШС орау және сақтау өндірісі басшысының орынбасары:
- КРІ зауытында дайын өнімді орау және өлшеп, сақтау өндірісінде негізінде 4 құрылғымыз жұмыс жасайды. Бізде қыркүйек айына дейін қажеттіліктің болмауына байланысты 3 құрылғымыз жұмыс жасап тұрды. Қазіргі уақытта барлық 4 құрылғымыз жұмыс жасайды. Күнделікті жоспарымызды біздер орындап жатырмыз.
КРІ зауытында 2 айдан астам уақыт іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізілген еді. Жоспарлы жөндеу барлық нысанды кепілдік сынағынан өткізіп, қауіпсіз әрі үздіксіз жұмысқа дайындығын пысықтауға арналды. Сонымен қатар өнім көлемін арттырып, сапаны жақсарту да басты міндет болды.
Данабек Қайрошев, «KPI Inc.» ЖШС өндірісті басқару қызметінің жетекші инженері:
- Көпшілік жаңа қосылған зауыт не үшін тоқтағанын білмей жатады. Эксплуатация барысында пайда болған ақауларды жұмыс барысында жөндеуге болады, кейбір ақауларды жөндеу үшін зауытты тоқтатуға тура келеді. Сол себепті кешенді іске қосқаннан бастап, біздер жоспарлы түрде зауытты тоқтатамыз деп шештік. Айта кету керек, жаңа іске қосылған зауыт – тек қана біздің КРІ-да емес, сонымен қатар әлемдік аренада қолданылатын практика.
Еліміздегі полипропилен өндіретін алғашқы кешеннің ресми іске қосылғанына қараша айында бір жыл толады. Компания қазір 631 адамды жұмыспен қамтып отыр. Одан бөлек, мердігер мекемелерде 1000-ға жуық адам еңбек етеді.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов.