Нұрлан Ноғаев Жаңаөзен халқымен кездесті
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Жаңаөзен халқымен кездесті.
Жиында тұрғын үйлерді жөндеу, ауыз су тапшылығы мәселесі көтерілді. Тұрғындар жұмыссыздықты азайту, медициналық қызмет сапасын жақсарту, бизнесті дамытуға қатысты ой-пікірін ортаға салды. Өңір басшысы түйткілді сауалдардың қолданыстағы заңнама шеңберінде шешілетінін айтты. Есептік кездесулер Жаңаөзенге қарайтын Теңге, Қызылсай, Рахат және Кендірлі ауылдарында жалғасты.
Өңір басшысы Жаңаөзен халқымен есептік кездесуі аясында 145 адамды жеке қабылдады. Соның 90-ға жуығы қала тұрғыны. Эрик Жұмабаев сүт өнімдерін шығарумен айналысады. Мүмкіндігі шектеулі азамат кәсібін дамыту үшін 1,3 млн теңге грант ұтқан. Өндірісті кеңейтіп, тамақ қалдығынан мал азығын дайындамақшы.
Эрик Жұмабаев, қала тұрғыны:
- Соны дамытуға маған көмек керек, бір сиыр бола ма, екі сиыр бола ма. Жалпы өзімде қазір ұстап отырған 1-2 сиырым бар. Айран, қаймақ, құрт деген сияқты отандық өнімді жасап, халыққа қызмет етсем деген ой, жоспарым.
Жаңаөзенде ауыз су тапшылығы бар. Қалаға жазда 42 мың, ал қыста 30 мың текше метр су беріледі. Бұл, жеткіліксіз. Тәулігіне 50 мың текше метр су тұщытатын зауыт 2025 жылы іске қосылса, мәселе шешіледі. Қалада жөндеуді қажет ететін 37 көп қабатты үй бар. Оларды 2 жылда кезең-кезеңімен қалпына келтіруге бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінген. Жаңаөзен аумағындағы төрт ауылда әлеуметтік нысанды көбейтіп, инфрақұрылымын жақсартуға баса мән беріліп отыр.
Нұрлан Ноғаев, облыс әкімі:
- Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатырған қаржылық, әкімшілік қолдауларды пайдалана отырып орта және шағын бизнесті дамыту. Оған жеңілдетілген несие беру. Соның ішінде жастарға арналған несие. «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында 2,5 пайыздық несие. Басқа да қаржылай қолдаулар бар.
Әкіммен кездесуде үй алуға, мұнай саласына кіруге көмек сұраған тұрғындар болды. Нұрлан Ноғаев барлық сауал заң шеңберінде шешілуі керек, деді. Жұмыссыздар кәсіпорындарға арнайы алгоритм бойынша қабылданатынын алға тартып, халықты басқа салаларда еңбек етуге, жеке бизнес ашуға шақырды.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев