Маңғыстаудың 500-ге жуық өрені «Жарқын болашақ» бағдарламасымен оқып жүр
Мұнайлы Маңғыстаудың 500-ге жуық өрені еліміздің алдыңғы қатарлы мектептерінде оқып жатыр.
«Қазмұнайгаз» компаниясының «Жарқын болашақ» бағдарламасы арқасында сапалы білімге қол жеткізді. Келесі жылы оқушылар санын 600-ге жеткізу көзделеді.
Берекет – Маңғыстаудағы Жетібай ауылының тумасы. Үйдегі бес баланың кенжесі. Қазір Бурабайдағы ІQanat мектебінің 10-сыныбында оқиды. «Қазмұнайгаз» компаниясының «Жарқын болашақ» бағдарламасы аясында білім алуда. Химия және биология пәндеріне бейім. Дегенмен, жыршылық өнерді де жанына жақын тұтады.
Берекет Қайырғали, 10-сынып оқушысы:
- Өзіме осы жерде оқыған өте керемет. Жаңа орта, жаңа сапалы білім. Барлығымен таныстым. Жаңа орта таптым. Сапалы білім алып жатырмын. Осы мектепке келгелі өзімнің «Сырлы, сазды домбыра» деген клубымды аштым.
Былтыр «Қазмұнайгаз» компаниясы «Жарқын болашақ» бағдарламасын қолға алды. Нәтижесінде, Жаңаөзен қаласымен қатар, Маңғыстау, Мұнайлы және Қарақия аудандарының оқушылары еліміздің маңдайалды мектептерінде білім алу мүмкіндігіне ие болды. Қазіргі таңда олардың саны 449-ға жетті. Ал ІQanat-та 101 бала білім алып жатыр.
Мағзұм Мырзағалиев «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
- Бұл не береді? Жалпы білім, сауаттандырудан басқа, балалар мүмкіндік алады. Яғни өмірлік мүмкіндік. Осындай жақсы, әдемі жерде білім алып, ертең ең озық университетке түсіп, кейін Жаңаөзен қаласына орала ма, басқа жақта жұмыс жасай ма. Біздің елімізге, еліміздің экономикасына жұмыс жасайтын болады.
Келесі жылы компания 600 оқушыны қамтуды жоспарлауда.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Ерлан Наурызбаев