Visa жасанды интелектінің игілігін 30 жыл бойы пайдаланып келеді
«Қазақстан - ІТ мемлекет».
Visa компаниясы ресми серіктес болған Digital Bridge форумының панелдік сессиясында цифрлық технологияларды дамыту және оны күнделікті қолданысқа енгізу мәселесі талқыланды. Жиынның екінші күні цифрлық банктің аяқалысы айтылды. Спикерлердің сөзінше, жасанды интеллект қаржылық қызмет көрсету саласын кеңейтіп ғана қоймай, деректер жүйесін жетілдіруге мүмкіндік берді.
Visa жасанды интеллект технологиясын 30 жылдан бері қолданып келеді. Осының арқасында компания былтыр құны 27 миллиард долларға жететін алаяқтық әрекеттердің алдын алды.
Кристина Дорош, Visa компаниясының вице-президенті, Орталық Азия мен Әзірбайжандағы өңірлік менеджері:
- Visa жасанды интелектінің игілігін 30 жылдан бері пайдаланып келеді. Осы арқылы компания жұмысы жүйеленіп, түрлі мәселені тиімді шешіп жатырмыз. Атап айтсақ, бірінші кезекте, VisaNet желісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алдық. Сондай-ақ серіктестеріміздің желілері мен жүйелерін қорғауға мүмкіндік туды.
Жасанды зерденің банк секторына да пайдасы орасан. Олар Big Data-ны енгізу арқылы санаулы секундта көлемді ақпаратты талдай алады.
Жұмабек Мамутов, Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары:
- Біз тұтынушыларды көрмей-ақ, оларға қоңырау шалмай-ақ жылдам несие рәсімдей аламыз. Қазір кредиттің 82%-ы бір минуттың ішінде беріледі. Мұның бәрі деректер қорын қолданып, дұрыс талдауға ықпал еткен заманауи технологиялардың арқасы.
Айдос Жұмағұлов, Freedom Bank директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі:
- Екі жыл бұрын біздің активіміз 85 млрд теңге болды. 23 банктің ішінде 21-орында тұрдық. Осы уақыт ішінде біз активтер көлемін 2 трлн теңгеге өсіріп, үздік 8 банктің қатарына қосылдық. Бұл цифрландыру және жаңа технологиялардың көмегімен жүзеге асты.
Сарапшылардың айтуынша, жаңа инновациялар қызмет сапасын арттырып, уақытты үнемдеуге көмектеседі. Қазір онлайн сауданы екінің бірі қолданады. Демек, банктер жасанды интелект игілігін алдағы уақытта да көре бермек.
Бекзат Аманов, Жандос Битабаров