Жаңаөзенде спорттық ойын алаңдары ашылды

Республика күні қарсаңында Жаңаөзенде бірнеше спорттық және балаларға арналған ойын алаңы қолданысқа берілді.

Бұл – «Halyk» қайырымдылық қорының шаһардың 55 жылдық мерейтойына жасаған тартуы. Жыл соңына дейін қала аумағында 20 спорттық-ойын алаңқайы мен шағын футбол алаңы салынады. Оған демеуші тарапынан 415 млн теңге жұмсалады.

Бүгінгі шара, озық үлгідегі спорттық-ойын алаңдары – «Halyk» банк пен «Halyk» қайырымдылық қорының Маңғыстауда атқарған игі істерінің бірі. Биыл тамызда қор басшылығы мен аймақ әкімдігі бірқатар меморандумға қол қойды. Демеуші қаржысы есебінен Жаңаөзенде су тұщыту қондырғысы мен дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады. Сондай-ақ Бейнеу астық терминалын қалпына келтіру жобасы мен Түпқараған ауданында тұщыту зауыты құрылысын қаржыландырады.

Нариман Әбілшайықов, «Halyk» ҚҚ басқарушы директоры:

- Маңғыстау облысына «Halyk» қайырымдылық қоры атынан 3,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл бір күндік іс-шара емес. Біз бұл жұмысты былтыр бастап кеткенбіз. Қазіргі таңда Жаңаөзен қаласында осындай 17 спорт алаңы ашылды. Осы жылдың аяғына дейін қосымша 20-сын ашайық деп жатырмыз. Халық қалауына сай осындай заманауи нысандарды ашып отырмыз.

«Halyk» банкінің 100 жылдық мерейтойы аясында республика бойынша «100 игі іс» науқаны жүріп жатыр. 25 қалада балаларға арналған және шағын футбол алаңдары ашылды. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тасымалдауға инватакси берілді. Сауапты жұмыстарға шамамен 500 млн теңге жұмсалған.

Айбек Қосуақов, Жаңаөзен қаласының әкімі:

- Тамыз айында «Halyk» банкінің төрайымы Үміт Шаяхметқызы келіп, қаламызға жасалып жатқан осындай демеушілігін бірге талқылаған болатынбыз. Соның ішінде ол кісі мүгедек жандарға арнап инватаксидің бір данасын тарту еткен болатын. Сонымен қоса қаламызда су тұщыту қондырғысын қондырып беруге де келісті. Қараша айында толық аяқталады. Ол біздің көгалдандыру жұмыстарымызға үлкен септігін тигізеді.

Айта кетсек, «Halyk» банк пен «Halyk» қайырымдылық қоры былтырдан бері елімізде жалпы құны 43 млрд-тан астам теңгені құрайтын қайырымдылық жобаларды жүзеге асырды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев.