Қызылордада еңбеккерлер марапатталды
Қызылорда облысының диқандары күріштің әр гектарынан 56 центерден өнім жинады.
Барлығы 503 мың тонна Сыр маржаны қамбаға құйылды. Егін жинау науқанының аяқталуына байланысты өңірде дәстүрлі «Алтын дән» салтанатты шарасы өтті. Облыстың 85 жылдық мерейтойымен қатар келген мерекелік шарада еңбеккер қауымға лайықты құрмет көрсетілді.
Қызылорда облысында биыл 193 мың гектер жерге дән себілді. Бұл өткен жылғы көлемнен 4,5 мың гектарға көп. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласында 157 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Осындай жетістікпен егін маусымын қорытындылаған Сыр еңбеккерлеріне Үкімет басшысы Әлихан Смайлов жолдаған құттықтауды облыс әкімі оқып берді. Сонымен қатар егінді әртараптандыру бағытындағы көрсеткіштерге тоқталды.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
- Ауыл шаруашылығы саласында егістікті әртараптандыру өңір үшін кезек күттірмейтін міндетке айналды. Ол үшін мал азықтық жоңышқа, майлы дақылдар мен картоп, көкөніс дақылдары көлемін одан әрі әртараптандыру қажет. Биыл 93 мың 500 гектар жерді осы мақсатқа пайдаландық. Келер жылы оның көлемін 101 мың гектарға жеткіземіз.
Облыс әкімі ауыл шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосқан үздіктерді ҚР Премьер-министрінің «Алғыс хатымен», ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің «Еңбек Ардагері» және «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Мұнан бөлек, 17 озат еңбеккерге су жаңа жеңіл автокөліктің кілті табысталды.
Қалдашбай Нұрмаханов, өндіріс бригадирі:
- Техникамыздың бәрі жаңа. Жердің бәрі 100% лазермен тегістелген. Шетелден жаңа сорттар әкеліп жатырмыз. Ерте пәседі, ерте жинаймыз. Өнімділігі жақсы.
Сонымен қатар облыстағы ветеринария ұйымдарына жол талғамайтын 30 автокөлік берілді.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин.