Түркістанда шахмат додасы басталды
Түркістанда «Интеллектуалды ұлт» жалпы ұлттық жобасы аясында «Ойлы болсаң, озып көр» байқауы басталды.
Жалпы шахмат ойыны – адамның ақыл-ой ұшқырлығы мен шығармашылық қабілетін дамытуға, тапқырлық пен жылдам шешім қабылдауға ынталандыратын спорт түрі. Сондықтан Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі елімізде инттелектуалды ойын – шахмат өнеріне ерекше көңіл бөліп отыр.
Байқаудың ашылу салтанатында «Шахмат әліппесі» кітабының тұсауы кесілді. Бастауыш сынып оқушыларына арналған оқу құралы қарапайым тілмен түсінікті етіп жазылған. Ойын ережесі суреттермен берілген. «Кітап балалардың әлемдегі ең әйгілі стратегиялық өнерді тез үйреніп алуына көмектеседі», - дейді жинақ авторлары. Оқушылар сарайында өткен сайыста облыстың әр ауданынан келген ала тақта үздіктері бас қосты.
Ибраһим Сейдазым, оқушы:
- Мен шахматты 10 жасымнан бастап ойнадым. Шахмат ойыны ойлауды қажет етеді. Шахмат өте қызықты ойын. Сабақ жағынан да көмектееді. Ойлау қабілетің өте күшті болады.
Нұрдәулет Асан, оқушы:
- Шахмат ойнағанда тыныш отыру керек. Шахмат – миға өте қажетті ойын. Шахмат сабағын білген адам өте ақылды, математика сабағын 5-ке оқиды.
Шахмат додасында 73 ойыншы қатысып жатыр. Жарыс 3 санат бойынша швейцариялық үлгімен өтіп жатыр. Мамандар шахмат өнер, спорт және ғылымды біріктіретін ойын екенін айтады. Сондықтан сайысқа қатысушылардың жас ерекшелігіне шектеу қойылмаған.
Балтабек Түйетаев, жобаның идея авторы:
- Біз жас мөлшеріне қарамадық, 80-100-гі ақсақал да, 5 жасар шахмат білетін бала да ойнай береді. Ал бірақ бұл жерде ардагерлер, ересектер, оқушылар, кішкентай бүлдіршіндердің барлығын топтарға бөлдік. Осы Түркістан өңіріндегі барлық ойыншыларды шақырып отырмыз. Ұрпақ сабақтастығы бойынша өткізіп жатырмыз.
Президент өз Жолдауында: «Ойынға қызығатын балалардың көп екенін байқадым. Қазіргі қоғам интеллекті жоғары, терең ойлы азаматтарды қажет етеді», - деген болатын. Ал Түркістан облысында 50 мыңға жуық адам шахматпен тұрақты түрде айналысады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов.