Атырауда әскери міндеттілер оқу-жаттығудан өтті
Атырауда аумақтық қорғаныс бригадасының әскери міндеттілері арнайы тактикалық оқу-жаттығудан өтті.
Олар 10 күн бойы әскери дайындығын пысықтап, тәжірибесін шыңдады. Оқу-жаттығу жиынының соңғы күнінде арнайы жүргізілген операцияда өз шеберлігін көрсетті. Үздіктер алғыс хатпен марапатталды.
Арнайы тактикалық оқу-жаттығуға қала мен 7 ауданнан аумақтық қорғаныс бригадасының 78 әскери міндеттісі шақырылды. 11-20 қазан аралығында әскери дайындықтың алғашқы кезеңдерінен өткен. Кейін оқу-жаттығу жоспарына сәйкес арнайы операция жүргізілді.
Жарасбай Қуанышев, запастағы лейтенант:
- Шақырту алып келдім 10 күндік оқу-жаттығу тәжірибесіне. Мен қазір бұл жерде взвод командирі болып жүрмін. 10 оқу-жаттығу жақсы аяқталды. 10 күн ішінде біз көптеген тәжірибе алмастық, білетінімізді көрсетіп, білмейтінімізді үйрендік.
Мұндай оқу-жаттығу жиыны жылына 2 рет өткізіледі. Әскери міндеттілер әскери дайындығын пысықтап отыру үшін көктем мен күзде шақыртылады. Олар аса маңызды нысандарды күзету кезінде арнайы операциядан өтеді. Сондай-ақ ұрыс даласындағы әскери шеберлігін шыңдап, қару қолдануға машықтанады.
Қайрат Нұртаев, облыс әкімінің орынбасары:
- Басты мақсатымыз – Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау. Осы мақсатта шекарамызды шыңдап, ішкі дайындығымызды қалпына келтіріп, қандай да бір елге жағдай туындаған жағдайда соны алдын алып, қорғау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар. Мұнда бір ауданнан емес, барлық ауданнан азаматтар келіп қатысты.
Оқу-жаттығу жиынының қорытындысы бойынша ұйымдастырушылар мен белсенділік танытқан әскери міндеттілер облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов.