БҚО-ның Шағырлыой ауылы сапалы ауызсумен қамтылады
Батыс Қазақстан облысының Шағырлыой ауылына ауызсу кірді.
Республика күні қарсаңында гидронысан салтанатты түрде іске қосылып, тұрғындар қуанышқа кенеліп жатыр. Облыста жыл соңына дейін 21 елді мекенді сапалы тіршілік нәрімен қамту көзделіп отыр.
Шағырлыой ауылы аудан орталығына жақын орналасқан. Мұнда 700-ге жуық адам тұрады. Олар осыған дейін ауызсуды құдықтан таситын. Енді құбыр желісі әр үйге кіріп тұр. Мерекемен тұспа-тұс келген жағымды жаңалық тұрғындардың қуанышын еселей түсті.
Теңдік Ержанғалиева, ауыл тұрғыны:
- Ол заманда мынандай емес қой енді. Бәрі жоқ. Ойлап едік заман өзгермейтін болар деп. Барлық жағдайымыз жасалып жатыр енді. Суымыз бар. Болашақта да осы суымыз тоқтамай, халыққа қызмет етіп, соның рақатын көрсек екен деп ойлаймын.
Облыста биыл 37 ауылды ауызсу желісімен қамту жұмыстары басталған еді. Бұл бағытқа ел қазынасынан 5,7 млрд теңге бөлінген. Жыл соңына дейін 21 гидронысанды қолданысқа беру жоспарланып отыр. Соның ішінде шағын елді мекендерге кешенді блоктар қойылады.
Нүркен Молдашев, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық бағдарламасы шеңберінде мемлекетімізде сумен қамту жұмыстары өте көп жүріп жатыр. Нысанды тапсырған кезде біздер 95%-ке жетеміз облыс бойынша. Халық саны 200 адамға жетпейтін ауылдарда 9 кешенді блок-модуль қойылады.
Әкімдік өкілдері мемлекеттік бағдарлама негізінде облыс халқының ауызсу желісімен қамтылу деңгейі 2025 жылы 100%-ке жететінін айтты.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов.