«Атырау – Астрахань» жолы пайдалануға беріледі
Атырау-Астрахань бағытындағы күрежол жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Өңірге барған ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев осылай деді. Жалпы биыл ел аумағында 11,5 мың шақырым автокөлік жолы жөнделіп жатыр. Соның 856 шақырымы қараша-желтоқсан айларында тапсырылады. Сонымен қатар ведомство басшысы «Жайық-Каспий» каналының да проблемасымен де танысты.
Ұзындығы 277 шақырымға тең Атырау-Астрахань күрежолын қайта қалпына келтіру жобасының басталғанына 10 жылдан асты. Бірақ жұмыс мардымсыз. Елімізді Ресей арқылы Еуропаға шығаратын маңызды автокөлік жолының негізгі құрылысы аяқтала келген. Қазір күрежолдың 60 шақырымы ашылды.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Қалған 217 шақырым бойынша оның баршасына қозғалыс беретін боламыз. Қазір қозғалыс тиісті деңгейде берілді. Қозғалыс берілмей тұрған 36 шақырым қалып отыр. Осы жылдың соңына дейін сол жолда да қозғалыс беруге тырысып, қозғалысты қамтамасыз ететін боламыз.
Министр су жолымен де танысты. «Жайық-Каспий» каналы – Атырауды Ақтау портына қосатын негізгі арна. Ұзындығы 56 шақырым су жолының 35 шақырымы Жайық өзені, қалғаны теңіз арқылы өтеді. Көп жыл жөндеу көрмеген канал көміліп, тереңдігі жарты метрге жетпей қалған. Қазір осы арна аршылып, түп тереңдету жұмысы басталды.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Оны Премьер-министр қолдап отыр. Келесі жылға тиісті бюджет қаражат қарастырылды және келесі жылға 11 шақырымдық сол суда, Жайықтың Каспийге құйылатын жерінде тиісті тереңдету жұмыстарын жүргізетін боламыз.
Түп тереңдету жұмыстары толық жүзеге асса, каналдың тереңдігі 3,5-4 метрге жетеді. Ол жүк кемелерінің кідіріссіз қозғалысына, сол арқылы жүк тасымалының дамуына оң ықпал етеді. Көлік министрі осындай өзекті проблемаларды көзбен көріп, келер жылы атқарылатын жұмыс жоспарын пысықтады.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин.