Қазақстанда 12 оңалту орталығы салынады
Елімізде оңалту орталықтары қалай жұмыс істеуі керек?
Жұмыс барысында қандай технологияларды қолданағаны дұрыс? Әлеуметтік сала мамандары осы саладағы өзекті мәселелерді талқылау үшін Абай облысына жиналды.
Семинар кеңес Семейде жыл басында ашылған 150 орындық заманауи оңалту орталығында өтті. Жиынға еліміздің түкпір түкпірінен арнайы келген мамандар әлеуметтік нысанның жұмысымен танысып, тәжірибе алмасты.
Жайсаңгүл Досболова, жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары:
- Баланы жас күнінен бастап оңалту шаралары және оңалту шаралары жүйелі түрде жүрген уақытта оның тиімділігі өте жоғары болады. Және біз бүгін экскурсия жасап көрдік, ішін барлығын қарадық. Медициналық әлеуметтік жақтан балаларға, келушілерге қызмет алушыларға өте ыңғайлы жағдайлар жасалынған.
Нұрзия Әлімбекова, «Шапағат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры:
- Ерекше күтімді қажет ететін мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған әрбір кластар бар. Яғни, білімдерін ары қарай жетілдіру, кәсіпке бейімдеу деген сияқты залдармен жабдықталған. Әрине, ондай ерекшеліктерді келешекте біз де соны өзіміздің тәжірибемізге ендірсек деген ойдамыз.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы даму бағдарламасының бірлескен жобасы бар. Жиын барысында жоба шеңберінде жүргізілген зерттеулердің нәтижесі таныстырылды. Оңалту орталықтарын дамыту жайы жан-жақты талқыланды.
Назгүл Сағындықова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице- министрі:
- Абай өңіріне келген себебіміз, Мемлекет басшысының тапсырмасымен үлкен, жаңа, заманауи оңалту орталықтары салынбақшы. Сондықтан оңалту орталығының жұмысы, оның ұйымдастырылуы, қандай мәселелер бар? Ол біздің өңірлердегі әріптестерімізді қызықтырып отыр.
Министрлік өкілінің айтуынша, алдағы 3 жылда елімізде 12 оңалту орталығы салынады. Ал Абай облысының аудандарында 2 орталық ашу жоспарланып отыр.
Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов.