Республика күнін батыс қазақстандықтар кең көлемде атап өтті
Республика күнін батыс қазақстандықтар да кең көлемде атап өтті.
Бүгін облыс орталығындағы орталық алаңда көк туымыз көкке көтеріліп, мерекелік шарада мемлекеттік марапаттар иесін тапты.
Қазанның өкпек желі мен ызғары орталық алаңға жиналған оралдықтарға бөгет бола алмады. Республика күніне арналған салтанатты шарада көк туымыз көтеріліп, әнұранымыз әуеде қалықтады.
Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- Бүгінгі мейрам – әрине біздің ұлт үшін, ұлы дала үшін ерекше. Өйткені ата-бабамызға арман болған күн, біз көк туымызды көкке желбіретіп жар салатын күн. Соған жеттік. Ендігі тілек тыныштық болсын!
Республика күні бірлігімізді бекемдеп, елдігімізді нығайтар күн. «Атамекен» өнер ордасында өткен салтанатты шарада аймақ басшысы мейрамның мән-маңызына тоқталды.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Өткен жылы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек», - деген болатын. Бұл жай ғана мереке емес, бұл біздің халқымыздың мемлекеттілігімізді сақтауға және нығайтуға, Әділетті Қазақстан құруға деген ұмтылысы.
Мерекелік шарада мемлекеттік марапаттар иесін тапты. Түрлі салада қажырлы қызметімен көзге түскен 35 азаматқа орден-медаль тапсырылды.
Светлана Оразова, "Құрмет" орденінің иегері:
- Бір жағынан қуаныш болса, екінші жағынан үлкен жауапкершілік. Жаяудың щаңы шықпас дейді. Жалғыз адам ешқандай жетістікке жете алмайды. Осындай менің марапатқа ие болуым менің ұжымымның елеулі еңбегімнің нәтижесі деп білемін.
Республика күні тек облыс орталығы ғана емес, аудандарда да түрлі мерекелік шаралармен айшықталды.
Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов