Ет өнімдерін шығаратын «Бижан» компаниясының құрылғанына 25 жыл толды
Бүгін ет өнімдерін шығаратын ірі қазақстандық «Бижан» компаниясының құрылғанына 25 жыл толды.
Компания тарихы елімізде нарықтық экономика енді-енді қалыптаса бастаған ауыр кезеңде басталған. 1998 жылы Алматыда сегіз жұмысшысы бар шағын шұжық фабрикасы ашылған еді. Сауатты менеджменттің арқасында 25 жылда кәсіпорынның өнімдері еліміздің барлық өңіріне танылды. Көптеген халықаралық көрмеде сыйлықтар мен марапаттарға ие болды.
Тоқсаныншы жылдары Қазақстанда ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ететін өндіріс орындарының тапшылығы байқалды. Хадиша Бижан құрған жас компания осы мәселені шешуге тырысты. Ширек ғасыр биігінен қарасақ нәтиже ауыз толтырып айтарлықтай.
Хадиша Бижан, "Бижан ет өңдеу заводы" ЖШС бас директоры:
- Осы дәрежеге оңайлықпен жеткен жоқпыз. Көп қиындықтарды бастан өткіздік. Сегіз адамнан бастағанбыз осы өндірісті. Бүгінде 500-ге тарта адам жұмыс жасайды. Біздің товарлардың бәрі бүкіл Қазақстанның торговый сеттерінде, HORECA-да, сосын өзіміздің осы Алматы, Астана, Көкшетау қалаларында 40-тан аса фирменный точкаларымыз бар.
2010 жылы компания шетелдік серіктестерімен бірге Көкшетауда жаңа кәсіпорын ашты. Жоғары технологиялық завод евростандарт бойынша салынды. Заводты етпен қамтамасыз ету үшін Ақмола облысында 5 мың ірі қара бордақылайтын алаң ашылды. Осылайша елдегі ірі кәсіпорынға айналды. Бүгінде шұжықтың 15 түрін, ет консервілері мен жартылай фабрикаттарды жасайды. 2020 жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында Алматының индустриалық аймағында тағы бір жоғары технологиялық заводы ашылды.
Владимир Носов, "Бижан ет өңдеу заводы" ЖШС өндіріс-техникалық бөлімінің басшысы:
- Шұжықтар неміс жабдықтарымен жасалады. Біздің шұжықтардың сапасы Германиядағыдан еш кем емес. Сапаға ерекше көңіл бөлеміз. Қызметкерлеріміздің барлығы білікті мамандар.
Алматыдағы жаңа завод 100-ден астам өнім түрін шығарады. «Бижан» компаниясы алдағы уақытта өндірісті ұлғайтып, шетелдік нарыққа шығуды жоспарлап отыр.
Ұлан Нарынбек, Әбен Нарымбаев