Ақтөбе облысында жаңа нысандар пайдалануға берілді

Республика күніне Ақтөбе облысының Мәртөк ауданының 2 ауылында әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді.

Ал Қарабұлақ елді мекені газ желісіне қосылып, тұрғындар зор қуанышқа бөленді. Ал Саржансайда ет өңдеу цехы іске қосылды. Өнімі облыс орталығында да сатылатын болады.

Қарабұлақ ауылына газ тарту жұмысы былтыр басталып, мереке күні іске қосылды. Шекара түбіндегі шағын елді мекенге көгілдір отынның жетуі – халықты газбен қамту жоспары аясындағы маңызды жобаның бірі. Бүгінде аудандағы 32 ауылдың 13-і газ желісіне қосылған.

Нұрсұлу Масақбаева, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:

- Көмір сатып аламыз қыркүйек айында, 3 тоннадан алатынбыз көмірді. Ағаш, тезек. Енді қазір, шүкір, мың да бір рақмет бәріне. Бұл газ келгені, әрине, қуаныш шексіз.

Ал Саржансай ауылында ет өңдеу цехы іске қосылды. Бұл – «Ауыл аманаты» жобасы аясында қолға алынған жұмыс. Кәсіп бастаған Амановтар отбасы ет өнімдерін дайындап, тұтынушыларға жеткізеді. Қазірдің өзінде жерлестерінен өзге қала тұрғындарынан да сұраныс мол. 

Таңшолпан Махамбетова, Саржансай ауылының тұрғыны:

- 5 миллион 200 – жалпы құны. Соның 3 млн-нын құрал-жабдыққа қойдық. Сосын 2 млн-ды етке қойдық шикізат деп. Сол етті 2 млн-ға есептеп, ет алып отырмыз қазіргі кезде. Қаладан дүкен алдық жалға, күнделікті апарылып отыр.

Ұлттық мереке күні көрші орналасқан 2 елді мекенде әлеуметтік нысандар ашылды. Қаратоғайда оқушылар үшін би, вокал, домбыра, қолөнер үйірмелері бар клуб ашылса, Родниковта дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Мұнда 10-ға жуық спорт түрімен айналысуға болады. Ғимарат ірі қожалықтың қолдауымен әлі де қажетті жабдықтармен қамтылады.

Алмас Салықбаев, Мәртөк ауданының әкімі:

- Әрі қарай бізде Үкіметтің қолдауымен әлі жобаларымыз бар. Ол – Қаратаусай мен Байторысай биыл газдандыру ауылды. Әрі қарай айтатын болсақ, Қаратоғай ауылында тағы да спорт кешенін іске қосуға қажетпіз. Ауданымызда 6 спорт кешені болады.

Мәртөк ауданында алдағы уақытта тағы да бірқатар жоба іске асады.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.