Сарайшық қалашығы жаңартылып жатыр
Атыраудағы «Сарайшық» сапар орталығына келетін туристер көбейді.
Қазақ хандығының астанасы болған тарихи қаланы көруге бес ай ішінде еліміз бен алыс-жақын шетелден 20 мыңға жуық турист келген. Биыл бірнеше экспедиция жасалып, қаланың кіреберісіне қақпа салынды. Көне шаһардың орнын сақтауға арналған жоспар да көп.
Сарайшық өлкетану музейінің негізі 1963 жылы қаланды. Мұстажап Намазғалиев көне қаланың орнынан табылған жәдігерлерді жинақтап, мектептен шағын музей ашқан. Кейін мұражай 90 шаршы метрлік шағын бөлмеде болды. Ал жаңа сапар орталығында ежелгі астананың тұтас бейнесін ашатын 9 зал бар. Туристерге қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілінде ақпарат беріледі.
Қала орнына қазақ археологиясының атасы Әлкей Марғұланнан бастап, талай ғалым қазба жұмыстарын жүргізді. Бірақ тарихтан сыр шертетін көне қаланың орнын Жайық суы шайып кеткен.
Мадияр Елеуов, тарих ғылымының докторы:
- Біріншіден, осы қаланың тарихи топографиясын толық анықтау керек. Қазір көп жұмыс істелді. Әлі де болса жаңа техниканы пайдаланып, соларды алған көлемін анықтау керек.
Биыл Сарайшыққа кіреберіс қақпа салынды. Болашақта тағы қос қақпа салынып қоршалады. Сонымен бірге қазба жұмыстарының нәтижесінде қонақтарды қабылдайтын бөлме де табылған.
Айбек Тұрарұлы, "Сарайшық" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының бас инспекторы:
- Үлкен ғимараттың 10 шақты бөлмесін аштық. Оған дейін 9 бөлмесін ашып қойған болатынбыз. Жалпы саны 20 дан асып кетеді осы бөлменің. Бұның ұзындығы 50 метрден асып тұр. Ені 15 метр шамасында. Бірақ әлі де шетіне жеткен жоқпыз. Әлі де көлемі үйлеюі ммкін. Ең бір биылғы табылғаны моншаның орны.
Ғылыми зерттеулер нәтижесінде Сарайшықтан шығатын 3 керуен жолы анықталды. Музей қызметкерлерінің айтар жаңалығы әлі де көп.
Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов