Ұлытауда химия пәнінен республикалық олимпиада өтіп жатыр
Ұлытау облысында химия пәнінен Қаныш Сәтпаев атындағы алтыншы республикалық олимпиада өтіп жатыр.
Зияткерлік сайысқа "THE ULYTAU EDUCATIONAL FOUNDATION" (зе Улыта́у эдюке́йшенл фаундэ́йшен) қоры, "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығы және "Қазақмыс" корпорациясы қолдау білдірген. Олимпиадада 9- сынып оқушылары өзара үздікті анықтайды.
Білім бәйгесінде еліміздің әр түкпірінен келген 23 команда өзара үздігін анықтап жатыр. 70-тен астам қатысушы олимпиадаға тыңғылықты дайындықпен келген.
Нұрлан Жұмагелді, "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары:
- Халқымыздың саны көп болмаса да бізде дарынды балалар саны жағынан өте көп деп айтсақ қателеспеген болар едік. Сондықтан осы оуқшылардың білімін пайдаланып келешекте осы «Қазақмыс» корпорациясы сияқты тағы сондай үлкен мекемелерде сол балалардың білімін жетілдіріп, дамыту арқасында үлкен жетістіктерге жеткізіп жататын болсақ ол еліміздің болашағы үшін зор мүмкіндік деп айтар едім.
Олимпиаданы ұйымдастыруға «The Ulytau Educational Foundation» қоры мұрындық болды. Қор ғылым, кәсіптік, техникалық саладағы инновациялық жобаларға жан-жақты қолдау білдіріп келеді.
Раиса Ешімова, "The Ulytau Educational Foundation" ҚҚ департамент директоры:
- Бастапқыда жұмысымыз педагогтердің біліктілігін арттыруға негізделген. Қазір жобалар саны артып жатыр. Біз Балқаш қаласында ғылыми-практикалық конференция өткіздік. Оның тақырыбы білім сапасын арттыруға арналды. Бұдан бөлек мектеп бітірген оқушыларға шетелде жоғары білім алуға мүмкіндік беретін канадалық халықаралық жобамыз бар.
Олимпиадаға қатысу зор жауапкершілікті қажет етеді, дейді оқушылар. Себебі осында химия пәнінен алған білім сараланады. Ережеге сәйкес сайыс теория және практиканы қамтыды. Жеңімпазға гран-при жүлдесі беріледі. Оны «Қазақмыс» корпорациясы тағайындаған. Үздік команда мақтау қағазы мен Канада елшілігінің өкілінен арнайы кубокқа ие болады. Ал Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік беретін грант бөледі.
Данияр Сұлтанұлы, Елизавета Шалина