Алматыда NON-FOOD ASIA EXPO 2023 көрмесі басталды
Үйге арналған тауарлар, әдемі ыдыс-аяқ пен сапалы тұрмыстық химияны «Атакент» көрме кешенінен тамашалауға болады.
Іс-шара биыл тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл сенімді тапсырыс берушілерді, өндіруші компаниялар мен дистрибьютерлерді бір алаңда тоғыстыратын халықаралық көрме.
Көрмеге қойылған заттар әдемілігі мен сапасы жағынан бірінен-бірі асып түседі. Жүзден астам өндіруші мен дистрибьютерлер өздерінің жаңа тауарларын ел назарына ұсынды. Мұнда косметика, интерьер заттары, тұрмыстық техника мен ыдыс-аяқтың сан алуан түрі бар. Бақ пен саяжайға арналған бұйымдар мен балаларға керек заттарда көп.
Жанар Әбілова, NON-FOOD ASIA EXPO көрмесінің директоры:
- Көрмеде 250-ден астам бренд ұсынылып отыр. Бұл брендтер Қазақстан, Қытай, Ресей, Беларусь, Германия, Оңтүстік Корея және Иран елдерінен де жасалған товарлар. Дистрибьютер, дилерлерге жаңа товарларды ұсыну үшін жасалған. Бір жерде барлығын жинап бір мезетте көрсету болып табылады.
Көрмеде «Орталық Азия елдеріндегі азық-түлік емес тауарлардың нарығын дамыту» жөнінде конференция өтті. Отандық өндірушілер өз тәжірибелерімен бөліссе, KazakhExport өкілдері мемлекеттік қолдау тәсілдерін айтты. Компания экспортты ұлғайтуға көмектесіп, жеңілдетілген несие мен аванс беріп, несиені сақтандыра алады.
Алмас Қалкаев, KAZAKHEXPORT өкілдігінің директоры:
- Біздің өндірушілер жаңа нарыққа шыққанда ол жақтағы компаниялар тауардың ақшасын кейін төлеуді сұрайды. Біздің кәсіпкерлер үшін бұл үлкен тәуекел. Біз болашақ клиентті алдын ала тексеріп, өзіміздің сақтандыруымызды ұсынамыз. Сондай-ақ, кәсіпорындарымызға аванс бере аламыз.
NON-FOOD ASIA EXPO көрмесі ертең және бүрсікүні де болады. Үйіңізге тікелей өндірушілерден қолжетімді бағамен жақсы тауар алғыңыз келсе Атакентке асығыңыз.
Ұлан Нарынбек, Эдуард Кон