Түркістан облысында мектеп директорлары ашық жағдайда тағайындалды
Түркістан облысында білім беру ұйымдарының басшылары ашық жағдайда тағайындалды.
Өңірдегі 25 білім мекемесі басшысының уақытша бос лауызымына 35 үміткер қатысты. Әңгімелесу кезеңінде өткен комиссия отырысы тікелей эфир арқылы онлайн режимінде көрсетілді.
Мектеп директорының уақытша бос лауазымдарына жарияланған конкурс бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен үміткерлер құжат тапсырып, тестілеуден өтеді. Одан кейін қамқоршылық кеңестің келісімін алады. Соңғысы – әңгімелесу кезеңі. Сыннан сүрінбей өткендері басшылық қызметке тағайындалады. Директорлықтан үміткердің бірі – Айдарбек Масалиев. 8 жылдық еңбек өтілі бар мұғалім комиссия отырысына тыңғылықты дайындалып келген.
Айдарбек Масалиев, үміткер:
- Бұл – менің екінші әңгімелесу кезеңіне қатысуым. Бірінші кезеңде құлаған болатынмын. Бүгінгі кезеңге дайындалып келдім. Заңдарға, бұйрықтарға барлығына. Жақсы жауап бердім. Нақты жауап бергенге нақты бағасын ұсынып жатыр. Бұрындары көп нәрсе жабық түрде өтетін.
Әңгімелесу кезеңінде комиссия мүшелері үміткерлердің атқарып жатқан жұмысындағы жетістіктеріне ерекше мән берді. Сыннан сүрінгендері де, сұраққа мүдірмей жауап бергендері де болды. Комиссияның шешімімен 16 үміткер директорлыққа лайық деп танылса, қалған 9 мекеменің басшысы анықталмады.
Нышан Байғұтов, комиссия төрағасы:
- Бұл – біріншіден басқарманың оң өзгерісі. Тікелей халықтың өзі білсін, көрсін. Ол білім мекемелерінде біздің келешек ұрпағымыз білім алып жатыр. Қандай жағдайда басшылар тағайындалады. Бұл – ашықтық. Бұл алдағы уақытта да жалғасын таба береді деп мен ойлаймын.
Білім беру ұйымдарының басшыларын тағайындау Білім және ғылым министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірлескен бұйрығына сәйкес конкурстық негізде өтті. Әңгімелесу кезеңі әлеуметтік желілер арқылы халыққа тікелей көрсетілді.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.