Көмірлі өлкеде өрлеу бар
Қарағанды облысы бизнеске қолайлы өңірлер арасында 2-орынды еншіледі.
Бұл фактор халықтың әл-ауқатын арттыруға оң ықпал етіп отыр. Аймақтағы экономикалық белсенді тұрғындардың тең жартысы, яғни, 240 мыңнан астам адам шағын және орта бизнесте еңбек етеді. Биыл кәсіпкерлік саны 12 пайызға өсіп, өндірілген өнім көлемі 1 трлн теңгеден асты.
Қарағанды облысына биылғы 10 айда 640 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл бағыттағы жұмыс келешекте жандана түспек. Бүгінде жалпы құны 1,5 трлн теңгеден асатын 56 инвестициялық жоба пулы түзілді. Нәтижесінде 13 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, Сарыарқа және Саран өнеркәсіптік аймақтарында 400 гектар жер инвесторларға беруге әзір.
Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:
- Өндіріс қарқынының ай сайынғы өсімі байқалады. Облыс өнеркәсібінің көлемі 2,8 трлн теңгені құрады. Машина жасау, жеңіл және қағаз өнеркәсібі, фармацевтика және қара металлургия салаларында өндірістің өсімі қамтамасыз етілді.
Көмірлі өлкеде жылу желілерін салу және қалпына келтіру бойынша 17 жоба жүзеге асуда. Облыс орталығында 20 шақырымнан астам жылу желісі жаңғыртылды. Ал Теміртауда 28 шақырым құбыр жөндеуден өтті.
Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:
- Теміртау қаласының жалпы құбыры, жылу құбыры 400 км-ден астам. Соның ішінде 200 шақырымы – магистралдық, 200-ден астамы внутриквартальный. Магистралдықтарды біз жалпы қалпына келтіріп жатырмыз. Өйткені, ол біздің бірінші мақсат. Екінші, ендігі жылы, жаңа айтып кеттім, біз үш жылдық жоба жасап жатырмыз, мына ішкі, микрорайондардың ішіндегі, соларды қалпына келтіру.
Тұрғын үй секторын газдандыру қарқынды жүріп жатыр. Қарағанды және Теміртау қалаларында 5,5 мың үйге газ тартылды. Сондай-ақ әлеуметтік әлсіз топтарды газ желісіне қосу үшін қаржы бөлінді. Бұл жеңілдікке 225 отбасы ие болды.
Нұрқанат Қанапия