Степногорсктегі ЖЭО жаңа кейіпке енеді
Степногорск қаласындағы жылу электр станциясы жаңартылып жатыр.
Орталықтың 7 турбогенераторы мен 3 жылу қазандығы жыл соңына дейін толық жөндеуден өтеді. Осылайша, нысанның техникалық мүмкіндігі жақсарып, қуаттылығы артады. Оның жөндеуге 4 миллиардтан астам теңге бөлінді. Оның жартысы жеке инвестициядан қаралды.
Шағын шаһардағы жылу электр орталығы осыдан жарты ғасыр бұрын салынды. Қазір қаладағы 450 үй мен 100-ден астам әлеуметтік және әкімшілік нысанға жылу таратады. Бірақ ескірген қондырғылардың кесірінен жиі ақау шығады. Осы мәселені шешу үшін жылу қазандықтарында жаппай күрделі жөндеу жұмыстары басталды.
Валерий Донцов, Степногорск ЖЭС директоры:
- Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 3 жылу қазандығын жаңарту жоспарланған. Қазір біреуін жөндеп іске қостық. Ал екінші қазандықтағы жұмыстар қараша айында аяқталады. Үшіншісін желтоқсанның ортасында қосамыз. Жөндеу жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр.
Жалпы жылыту маусымы жоспарға сай жүргізіледі. Қазір орталықтағы мазут пен көмір қоры жеткілікті. Сонымен қатар биыл қаладағы 8 шақырымға жуық жылу құбыры ауыстырылды. Оған республикалық қазынадан 2 млрд теңге бөлінді.
Талғат Жексенбин, Степногорск қаласы ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Жылыту маусымына дайындық аясында біздің бөліммен 29 шақырым жылу құбыры мемлекет меншігіне алынды. Соның 7, 8 шақырымын биыл ауыстырдық. 19 шақырымына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Қазіргі кезде экспертизада. Экспертизадан шыққаннан кейін бюджеттік өтінім дайындаймыз.
Бұдан бөлек, жылу магистральдарын жаңартуда жеке инвестицияның үлесі де артып келеді. Мысалы, биыл шаһардағы жылу таратушы кәсіпорын өз есебінен 6 шақырымнан астам жылу құбырын ауыстырды.
Авторлары: Абзал Балтабав, Евгений Шинкаренко.