Абай облыстық мәслихатының сессиясы ауылдарда өтеді
Абай облыстық мәслихатының сессиясы енді ауылдарда да өтеді.
Мақсат - ел ішіндегі өзекті мәселелерді жедел шешіп, жұртшылықпен ашық диалог орнату. Көшпелі отырыстың жаңа форматы депутаттарға халықтың хәл-ахуалымен тікелей танысуға мүмкіндік берді.
Жарма ауданы Бірлік ауылының тұрғындары жайылым мәселесін көптен бері көтеріп жүр. Олардың айтуынша, елдімекен маңындағы 3 мың гектардан астам жер дұрыс игерілмей жатыр.
Ғұбайдолла Сейітқазин, Бірлік ауылының тұрғыны:
- Халықтың талабы, халықта малдары бар. Бірақ шабатын жерлері аз. Сол 3500 гектар жерді қайтарып берсе. Одан басқа бізге түк те керегі жоқ. Ауылымызда бәрі бар. Енді халықтың қалаулысы болғаннан кейін бұл кісілерге бәріміз сенгеннен кейін әрине 100 процент алып береді деп халық жиналып отыр.
Депутаттар бұл мәселе заң аясында шешілетінін жеткізді. Халық қалаулылары 2016 жылдан бері құрылысы аяқталмай жатқан Шар су қоймасының жағдайымен де танысты. Стратегиялық нысандағы жөндеу жұмысын аяқтап, шаруаларды сумен қамтуды тапсырды.
Нұржан Әміржанов, "Қазсушар" РМК ШҚО филиалының директоры:
- Биыл біз 40 миллион текше метр су жинағанбыз. Былтыр ондай көлем болған жоқ. Сол үшін біраз шаруаларға су жетпеген болатын. Биыл ондай болмаған. Былтыр 1700 гектарға, биыл 3300 гектарға су бергенбіз.
Қуаныш Сүлейменов, облыстық мәслихат төрағасы:
- Көшпелі сессия шыққан кезде әр ауылда қандай мәселе бар. Қай ауданда қандай мәселе бар? Көзбен көргеннен кейін депутаттар оны облыс әкіміне де жеткізуге тырысады. Ары қарай Парламентке дейін жеткізуге тырысады. Кеше жарма ауданында бірнеше ғимараттарды тексердік. Сол бойынша запростар жазамыз.
Көшпелі отырыстың ауылда өтуі халыққа да, депутаттарға да тиімді. Сондықтан алдағы уақытта өзге аудандарда жалғасын табады.
Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы