Астанада ауыл әйелдерінің форумы өтті
Іс-шара кезінде «Coca‑Cola Белестерi» байқауының жеңімпаздары анықталды.
Байқау қорытындысы бойынша 20 келіншек арнайы грант ұтып, өз кәсібін бастауға мүмкіндік алды. Әлеуметтік жоба аясында 70 мың адам арнайы оқытудан өткен.
Кәдесый, сабын сауыттар мен әсем құмыралар. Бұның бәрі қайта өңделген шыны мен керамика өнімдері. Форумға қатысушы Людмила Евженкова бұйымдарын көрмеге Өскеменнен арнайы алып келген. 4 мың доллар көлеміндегі грант ұтып алған ол қолдау қаржы көмегімен кәсіп ашып, нәсібін ұлғайтуда.
Людмила Евженкова, кәсіпкер:
- Біз салқын өңдеу технологиясын қолданамыз, яғни материалды балқытпаймыз. Бұл экологиялық таза тәсіл саналады. Шыны мен керамиканы ұсақтап, қалыптарға құямыз. Яғни, балқыту үшін температураны қыздырмаймыз, демек атмосфераға зиянды қалдық бөлмейміз.
Биыл байқауға 300-ден астам әйел қатысты. Бәрі де Business Team жобасы аясында тегін оқытудан өткен.
Александра Аккирман, Үкіметпен байланыс, коммуникация және тұрақты даму жөніндегі директоры:
- Олар кәсіпкерлік, қаржы, есеп, маркетинг және әлеуметтік желідегі сатылым негіздерін үйренеді. Бәрі де – бизнес жоспар құрып, табысты есептеуге, оны еселеуге қажет дағдылар.
Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасы жылда 20 жеңімпазды жариялайды. Осылайша, ауылдағы кәсіпкер келіншектер грантқа ие болады.
Елена Ожго, «Coca‑Cola Белестерi» әйелдер кәсіпкерлігін қолдау жобасының үйлестірушісі:
- Оқытудан өткен соң қатысушылар бизнес процесін түзіп, жұмыс орындарын құрып, шығындарын есептеп, жобаның табыс әкелетініне көз жеткізуге тиіс.
Айта кетейік, «Coca‑Cola Белестерi» жобасы аясында бөлінетін грант сомасы 2 мыңнан 4 мың долларға дейін жетеді. Жоба іске қосылғалы 137 әйел өз ісін бастады.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Мейрам Жүнісов.