Қарағанды облысында деструктивті бағыттағы теріс ақпаратпен күрес жүріп жатыр
Әлеуметтік желіде экстремистік бағытта насихат жүргізетін аккаунттар дер кезінде бұғатталғанымен, басқа атаумен қайта ашылады.
Сондықтан бұғаттаудан бұрын халықтың ақпараттық иммунитетін көтеру маңызды, - дейді мамандар. Қарағанды облысында экстремизмнің алдын алуды үйлестіру бойынша сала мамандарымен кездесу өткен.
Әлеуметтік желі теріс діни ағымдарды насихаттаудың негізгі құралы болып отыр. Желіде күмәнді парақша көп. Көп адам оның байыбына бара бермейді. Сондықтанн әсіресе аудан мен қалада жастармен жұмыс істейтін мамандардың діни сауатының жоғары болғаны маңызды.
Жапал Долиев, Дін істері комитетінің басқарма басшысы:
- Мүмкіндігінше алдын алу шаралары. Халыққа алдын алу жұмыстарына басымдық беру керек. Өйткені біз кез келген мәселені уәкілетті орган ретінде талдау жұмыстарын күшейттік. Бұл біз салдармен емес, себептерін алдын-ала саралап алып, сол салдарының болмауына жұмыс жасап жатырмыз.
Бүгін жергілікті атқарушы органдардағы сала мамандарына әдістемелік көмек көрсетілмек. Себебі осы бағыттағы жұмыстар да тұрақты түрде дамуды қажет етеді. Орталық уәкілетті органнан келген Жапал Долиев тыңдаушыларға бүгінгі таңдағы ең өзекті сын-қатерлер жайлы айтып берді.
Амантай Хасенов, Қарқаралы ауданы жастар ресурстық орталығының сектор меңгерушісі:
- Халықпен ақпараттық жұмыстарды жүргізгенде қандай тақырыпта, қалай қозғау керек, жалпы қалай түсіндіру керек, осы мәселелер бойынша. Бүгін бізде әр ауданнан келген мамандар жақсы ақпараттар алып жатыр. Бұл болашақта осындай түсіндірме жұмысын жүргізген кезде өз септігін, қолғабысын тигізеді.
Бұл бағытта Қарағанды облысы дін істері басқармасының да жұмысы жүйелі. Құрамында 212 маманы бар ақпараттық топ жыл басынан бері 150 мыңнан астам адамды қамтыған 3 800 шара өткізген.