Жетісу облысында 184 инвестициялық жоба жүзеге асады
Жетісу облысында жыл басынан бері жалпы құны 19,2 миллиард теңгенің 24 инвестициялық жобасы жүзеге асты.
Ұзындығы 526,5 шақырым болатын жолдар жасалды. Алдағы жылдары өңірдегі 66 елді мекен газдандырылып, үй кезегінде тұрған 30 мыңнан астам адам баспаналы болады. Сонымен қатар бірнеше жаңа өндіріс ошағы ашылады.
Жетісу облысында биыл 238 мың шаршы метр баспана салынып, пайдалануға берілді. Талдықорған қаласының өзінде қазір 50 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Соның 42-сі бюджет қаржысы есебінен салынған. Облыста әлі 30 мың адам баспана кезегінде тұр. Тең жартысы Талдықорған қаласында. Жыл аяқталғанша өңірдегі 3,5 мың тұрғынды баспанамен қамтамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Гүлмира Сердалықызы, Талдықорған қаласының тұрғыны:
- Үйлі болып жатырмыз, қоныс тойлы болып жатырмыз, мінекей. Барлықтарыңызға рақмет! Құдайға тәуба, 6 баламыз бар, 4 немереміз бар қазір.
Бүгінде облыстағы елді мекендердің тең жартысы газдандырылды. 4 жылда тағы 66 ауыл от жағып, күл шығару тауқыметінен құтылады. Өңірдің инвестициялық портфелі күннен күнге өсіп келеді. Алдағы жылдары 184 инвестициялық жоба жүзеге асады. Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының шекарасындағы «Қорғас шығыс қақпа» арнайы экономикалық аймағында өндірістік қала салына бастады. Құрылыстың бірінші кезеңінің құны – 330 млрд теңге.
Мұрат Баймұханбетов, «Қорғас-Шығыс қақпа» АЭА басқарушы компаниясының» бас директоры:
- Бұл жобаның маңызы өте зор. Мың гектар жерге зауыттар салынады, фабрикалар салынады. Жоба бойынша 3 мың адам жұмыс істейді. Қала дамиды. Мен ойлаймын, осы 1-2 жылда өздеріңіз соның нәтижесін көресіздер.
Өңірде қант өндірісі дұрыс жолға қойылды. Қазір облыстағы 2 зауыт та жұмыс істеп тұр. Қайта жаңғыртудан өткен Ақсу зауыты бір мезгілде қант қызылшасымен қоса қант құрағын өңдей алатын мүмкіндікке ие болды. Бұл технология кәсіпорынның жылдық жүктемесін оңай еңсеруге оң ықпал етеді.
Нұрдәулет Кененбаев, Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Енді келесі жылы біз қант қызылшасының көлемін 11500 гектар жерге жеткізуіміз керек. Себебі осы қант өндірісінің кешенді жоспарына сәйкес біз 2026 жылы 15 мың гектарға қант қызылшасын себуіміз керек. Осымен өзі жоспарлы түрде біз жұмыс жасап жатырмыз.
Жетісу облысында 6 спорт кешені мен 5 мектеп пайдалануға берілді. 6 білім ошағының, 24 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүріп жатыр. Туризм саласында «Балқаш» туристік-рекреациялық аймағының бас жоспары жасалды. Алдағы жылы Балқаш көлінің жағалауына инженерлік-инфрақұрылымдық жүйе тарту жобасы жүзеге аса бастайды.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов, Айгүл Ғазизуллина.