Қостанай облысында KIA көліктері құрастырылады

Қостанай облысында құрастырылатын KIA көліктері 2025 жылы сатылымға шығады.

Өңірде осы айда ірі зауыттың құрылысы басталды. Жылына 70 мың көлік құрастыру жоспарда бар. Мұны облыс әкімі айтты. Құмар Ақсақалов бірқатар салада өсім барын жеткізді.  

Құмар Ақсақаловтың Қостанай облысына әкім болып барғанына желтоқсанның 1-інде бір жыл. Атқарған жұмысына есеп беру үшін Ақсақалов Астанаға келді. Облыстың макроэкономикалық көрсеткіші жақсы, - деді аймақ басшысы.

10 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі 16,1%, құрылыс 21,5%, инвестиция 7,4%, сауда 3,9%, көлік құрастыру 3,6%, тұрғын үйді пайдалануға беру 4,3% артқан. Орташа айлық 21,2% өсіп, 290 545 теңгеге жетті. Ал жалпы өңірлік өнім 4,5% ұлғайған.

Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:

- Жыл басынан бері 75,0 мың автомобиль жиналды. Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткендей, біздің алдымызда елдің берік өнеркәсібін құру міндеті тұр. Сондықтан өңдеу секторының жедел дамуына басты назар аударылады.

Өңірде машина жасау қарқын алған. Мәселен, осы айда «KIA-ның» жаңа зауытының құрылысы басталды. Инвестиция көлемі – 90,0 млрд теңге. Құрылыста да өсім бар.

Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:

- Ағымдағы жылдың соңына дейін 450,0 мың шаршы метр тұрғын үй (4 мыңнан астам пәтер) пайдалануға беріледі. Бүгінгі таңда 413,0 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, өсім – 4,3%.

Елдегі ең ұзын көлік жолы Қостанай облысында. Жыл басынан бері 700 шақырым жол мен 94 елді мекенде 300 көше жөнделді. Осылайша, өңірде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар көлік жолының үлесі 87%-ке жеткен.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Асхат Қарақойшиев.