Қазақстанда шикізаттық емес тауар экспорты ұлғайып келеді
Қазақстанда шикізаттық емес тауар экспорты ұлғайып келеді.
Биыл шетелді түрлі металл, минералды тыңайтқыштар және күнбағыс майымен қамтамасыз еткен отандық кәсіпорындар 14 миллиард доллар пайда тапты. Әсіресе күнбағыс майын өндіруде айтарлықтай өсім байқалады. Қысқа мерзім ішінде еліміздің шығысында «Алтын Шығыс» май экспорттаушы зауыты салынып, іске қосылды. Кәсіпорын экспорт алдындағы операцияларды қаржыландыру үшін мемлекет тарапынан қаржылай қолдау алды.
«Алтын Шығыс» май зауыты бар болғаны бір жарым жыл ішінде Предгорное ауылында теміржол бойында орналасқан элеватор маңында салынды. Кәсіпорын бірден шетел нарықтарына шығып, биылдың өзінде 80 мың тонна май экспорттады. Әсіресе Орталық Азиямен жүйелі байланыс орнатылған. Отандық өндірушінің қарқынды жұмысына Қазақстанның даму банкі қолдау көрсетіп, экспорт алды операцияларды қаржыландыруға 15 миллиард теңге қаражат бөлді.
Руслан Райымханов, «Сей-Нар» компаниялар тобы корпоративтік қаржыландыру департаментінің директоры:
- Қаржылай қолдау дер кезінде берілді. Шикізат алып, шет елдік компаниялармен келісімшартқа отырдық. Зауыттың үздіксіз жұмыс істеуіне үлкен сеп болды.
Ірі кәсіпорынның ашылуы ауыл-аймақтың дамуына серпін берді.Су және электр желісі қалыпқа келтірілді. Ең бастысы 400-ден аса ауыл азаматы жұмыспен қамтамасыз етілді.
Тұрар Сәрсенбеков, "Altyn Shygys" зауытының техникалық директоры:
- Өндірістегі маман ретінде өте көп мүмкіндік бар, өзімнің білімімді арттыруға, тәжірибені арттыруға және де жұмыстағы мүмкіндіктерді жүзеге асыруға жақсы жағдай бар деп ойлаймын.
Бүгінде импорттық өнім үлесі 54 процент. Сондықтан «Алтын шығыс» экспортқа ғана емес, ішкі нарыққа да ден қояды. Енді рафинация цехын ашып, тұтунышыларды ыдысқа құйылған маймен қамтымақ.
Павел Писаренко, "Altyn Shyghys" май экстракциясы кешені директорының орынбасары:
- Біздің бірегейлігіміз - барлық майлы дақылдармен жұмыс істей алуымызда. Келешекте кәсіпорынды одан әрі дамыту жоспары бар, соның бірі – майды рафинациялау мен бөтелкеге құю жұмыстарын қолға алу, яғни біз болашақта жергілікті нарыққа басымдық береміз.
Қазақстанның даму банкі» тарапынан көрсетілген көмек табысты жоспарға жетелейді, дейді мамандар. Ал шикізаттан тапшылық болмасы анық. Өлкеде майлы дақыл алқабы 211 мың гектарды алып жатыр.
Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин