Маңғыстауда су мәселесі шешімін тауып келеді
Маңғыстау облысында су мәселесі өзекті.
Қазір оны 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен шешуге бағытталған 6 жоба жүзеге асып жатыр. Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, су құбырының желілері толықтай жаңартылады. Осылайша өңірдегі тіршілік нәрінің тапшылығын жою көзделіп отыр.
Облыста су тапшылығы әсіресе жаз мезгілінде байқалады. Биылғы қажеттілік 77 мың текше метрді құраған. Ал қазір тіршілік нәріне тапшылық жоқ, дейді аймақ басшысы. Яғни бұл мәселені шешуге бағытталған жобалардың сәтімен іске асып келе жатқанын білдіреді. Мәселен қазір «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын екі есеге ұлғайту көзделген.
Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі:
- Су беретін 6 жобаның жалпы құны 202 млрд теңге. Біразын келесі жылы аяқтаймыз. Атап айтқанда, Ақтау қаласында орналасқан «Каспий» су тұшыту зауытындағы тәулігіне 20 мың текше метрден 40 мың текше метрге дейін арттыру жобасы. Және де МАЭК мекемесінің қондырғыларын ағымдағы және күрделі жөндеуді өткізе отырып, ішкі резервтен біз келесі жылы қосымша 25-30 мың текше метр су алуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда бізде суға тапшылық жоқ.
Сондай-ақ Ақтауда 900 шақырымнан астам инженерлік желі жаңғыртылады. Қазір қаланың 25 шағын ауданын бірнеше аумаққа бөліп, су құбыры мен кәріздерді жаңғырту көзделіп отыр.
Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі:
- Ақтау қаласы шартты түрде 5 аумаққа бөлінді. Бірінші аумақтың инфрақұрылымын ауыстыруға қазір 19 жоба мемлекеттік сараптамадан өтті. Жалпы құны 20 млрд теңге. Жобалардың бәрі дайын. Мердігер анықталды.
Аталған мәселені шешу бағытында республикалық бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлінді. Енді инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады.
Альмира Оразбай