Риддерді жылумен қамту мәселесі шешілді
Риддер жылу электр орталығында дәл қазір үш қазандық жұмыс істеп тұр.
Бұл әзірге шаһарды жылумен қамтуға жеткілікті. Станцияда негізгі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Әбден ескірген құрал-жабдықтардың орнына Германия мен Кореяда шығарылған ең сапалы қондырғылар қойылған. Облыс әкімі Ермек Көшербаевтың мәлімдеуінше, қазіргі басты міндет мекемедегі кадр тапшылығын жою.
Риддер қаласында былтырғы жағдай қайталанбауы тиіс. Көктемнен бері жүздеген адам жөндеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Нәтиже жаман емес. Тұрғындардан шағым аз. Қазандықтар өз күшімен жұмыс істеп тұр. Ең күрделі шаруалар артта қалды.
Кирилл Голота, бас инженердің орынбасары:
- Жұмыстың 92 проценті бітті деуге болады. Негізгі жұмыстар аяқталып қалды. Дәл қазір нөмір бесінші қазандықта қажетті жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ол да жақында аяқталып, жүйеге қосылады.
Станция тіпті энергия өндіруге дайын. Осылайша ең ірі металлургиялық кешенді электр қуатымен қамтамасыз ете алады. Ендігі мәселе көне орталықтағы кадр тапшылығын шешу болып тұр.
Ермек Көшербаев, ШҚО әкімі:
- Иә, әрине суық отыз градустан төмен түсіп кетсе, қазір дайындап жатқан үш қазандық, қосымша біреуін тағы қосамыз, төртеу жетед деп ойлап отырмыз. Екеуі резервте тұрады. Ең қазір маңызды мақсат деп айтуға болады бір жағынан бағыт мына өте жоғары дәрежелі деңгейлі кәсіби инженерлер керек боп тұр мына жерге.
Энергетика саласындағы маман тапшылығы ел бойынша өзекті. Сондықтан аймақта енді бұл мәселені дуальды оқыту жүйесі арқылы шешу көзделіп отыр. Өйткені қазір Өскеменде оқытудың бұл бағыты ерекше қарқын ала бастады.
Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин