Жамбыл облысында жасөспірімдер арасында қылмыс азайған
Жамбыл облысында жасөсірімдер қылмысы былтырғымен салыстырғанда 18 пайызға азайған.
Бірақ балаға қатысты жасалатын құқық бұзушылық көбейіп кеткен. Бұл жайында аймақта алғаш рет өткен «Балалардың қауіпсіздігі – қоғамның міндеті» форумында айтылды. Басқосуда балаларға қарсы қылмыстың алдын алуға арналған жаңа жобалар таныстырылды.
Биыл Жамбыл облысында «Komek. Stop Bullying» жобасы іске қосылды. Барлық оқу орнына QR код ілініп, оқушылар проблемасын анонимді түрде хабарлауға мүмкіндік жасалды. Нәтижесінде жыл басынан бері 1800-ден астам хат түсті. Олардың 90 проценті булингке байланысты. Форумда жобаның тиіміділігі мен балалар қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан жұмыстар айтылды.
Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:
- Жергілікті бюджеттен осы жылы 1 млрд 765 млн тг қаржы қаралып, білім беру ұйымдарына жедел басқару орталығына интеграцияланды. 257-сі дабыл түймесімен жабдықталды. Оның 149-ы туринкеттермен жабдықталды.
Аймақта психологтардың біліктігіне байланысты мәселе туындаған еді. Оны шешу үшін Таразда арнайы орталық ашылды. Сонымен қатар мектеп бағдарламасында арнайы сағаттың болмауы мәселені ушықтырып отыр, - дейді мамандар.
Ердос Мақашев, облыстық прокуратураның басқарма басшысы:
- Центрда педагог-психологтар қазір арнайы дайындықтан өтіп жатыр. Бүгінгі күнге 300 психолог сондай оқудан өтті. Психологтарға арнайы сағаттың болмауы байланысты біз білім министрлігіне арнайы сол сағаттарды қарастыру бойынша ұсыныстар әзірлеп жатырмыз.
Облыста 1600-ден аса бала сенімхат арқылы туысының тәрбиесіне берілген. Консультативтік кеңесте сол жеткіншектердің әлеуметтік жағдайы мен тәртібі, біліміне баса көңіл бөлінді. Кеңес қортындысы бойынша балалардың құқығын қорғау жөніндегі штаб құрылатын болды.
Мерей Бает, Бақытжан Бапаев