Шымкент әкімі халық алдында есеп берді

Шымкентте бірер жыл ішінде 22 мың оқушыға арналған 18 мектеп салынады.

Осылайша орын тапшылығы мәселесі толығымен шешіледі. Сондай-ақ биыл 4 мың пәтерлі 100 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысы басталды. Қала әкімі Ғабит Сыздықов медициналық нысандардың да саны ұлғаяды деп сендіріп отыр.

Биылғы 10 айда Шымкент қаласына тартылған инвестиция көлемі былтырғымен салыстырғанда 22 пайызға артты. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібіндегі серпіліс анық байқалады. Қала әкімінің айтуынша, биыл 14 жобаны іске асыру жоспарланған, оның алтауы өз жұмысын бастап кетті. 

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі:

- Жергілікті деңгейде биылғы жылы еңбекақысы төмен 16 мыңнан астам бюджеттік қызметшілерге үстемақы қаралып, жалақысы 100 мың теңгеден асты. Нәтижесінде, өңірдегі орташа жалақы көлемі 17 пайызға өсіп, 270 355 теңгені құрады. Биыл халықты жұмыспен қамту шараларымен 61 мыңнан астам адам қамтылды. 16 мыңға жуық азамат тұрақты жұмысқа орналасты. 

Көп ұзамай қалада халықаралық деңгейдегі заманауи шаралар өтетін Конгресс холл пайдалуға беріледі. Нысанның құрылысы аяқталып қалды. Сонымен қатар, 500 орындық оқушылар сарайы да өз жұмысын бастайды. Жол, жылу, жарық, су сынды әлеуметтік мәселелер де біртіндеп шешіліп жатыр. 

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі:

- Биылғы жылы біраз елді-мекендерде ауыз су, электр жүйесі, табиғи газ бен кәріз жүйелерінің құрылысы аяқталады. Нәтижесінде, қала тұрғындары 65 пайызға кәріз жүйесімен, 96 пайыз табиғи газбен, 99 пайыз ауыз сумен, Сондай-ақ 100 пайыз электр жүйесімен қамтылатын болады деп жоспарлап отырмыз. 

Тұрғындарды баспанамен қамтуға да басымдық беріледі. Жыл соңына дейін 1 миллион шаршы метрден аса үй салынады. Ал қаланың дамуына алдағы 5 жылда 6 трлн тарту жоспарда бар.

Бекзат Аманов, Арман Ақшабаев