Ақтауда су тұшыту зауытын жаңарту кестеге сәйкес жүріп жатыр
Ақтауда теңіз суын тұшытатын зауытты модернизациялау кестеге сай жүріп жатыр.
Кәсіпорын тәулігіне 20 мың текше метр су шығарады. Президент тапсырмасына сәйкес келер жылдан бастап өндірістік қуаты екі есеге артады. Шетелден қондырғылар мен қосалқы бөлшектер алынып, монтажы аяқталуға жақын. Мамандар осы мақсатқа Үкімет резервінен бөлінген қаржыны жыл соңына дейін игермек ниетте.
Зауыт Каспийдің суын бірнеше кезеңмен сүзгіден өткізіп, ішуге жарамды етеді. Тіршілік нәрі Мұнайлы, Қарақия ауданына және қаланың өндірістік аймағына құбырмен беріледі. Жуырда кәсіпорынға Катар, АҚШ, Корея, Германия және Үндістаннан қосалқы бөлшектер жеткізілді.
Нұрлыбай Аққұлов, зауыт директоры:
- Суды молекулалық тазарту жүргізу негізінде теріс осмостық қондырғылардың мембраналары, жоғары қысыммен жұмыс жасайтын қораптары және оларға қажетті сорғылар келді. Сонымен қатар оған қажетті барлық жарақтары, автоматикасы да келіп жатыр. Осы қыста барлығын бітіріп, қосамыз деген жоспарымыз бар.
Мекеме қазірдің өзінде 180 мыңнан астам адамды тұщы сумен қамтамасыз етіп келеді.
Нұрлыбай Аққұлов, зауыт директоры:
- Жалпы судың 60%-ін Мұнайлы ауданына жібереміз. Сонымен қатар Қарақия ауданының Құрық, Аппақ, Ералы станциясы деген елді мекендері алады. Одан бөлек гарнизон бар, әскери бөлімшелер. Сонымен қатар әуежайға дейін алады.
Өндірістік қуатын арттыру зауыт жұмысына кедергі келтірмейді. Кәсіпорында 107 адам жұмыс істейді. Ауыз су өндіру көлемін арттыру кезінде 20-дан аса жұмыс орыны ашылады.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев