БҚО-да полицейлерге 96 автомобильдің кілті табысталды
Ал батыс қазақстандық құқық қорғаушыларға 96 автомобильдің кілті тапсырылды.
Тәуелсіздік күні қарсаңында су жаңа патрульдік көлікке мінген сақшылар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғасының алдын-алуға күш салады. Бұған дейін учаскелік полиция инспекторларына берілген көліктерді қосқанда, биыл полиция департаментіне барлығы 148 автокөлік алынды.
Наурыз Бектасов 2014 жылдан бері патрульдік батальон құрамында. Осы жылдар ішінде қоғам тыныштығын қамтамасыз етуде мінсіз қызметімен көзге түсті. Бүгін де аймақ басшысының қолынан су жаңа Серато көлігінің кілтін алып, жұмысына аттанып барады. «Бұрын ескі көлікпен жүрдік. Жиі бұзылатын. Енді жаңа да жүрдек көлікпен діттеген жерге жедел жетуге мүмкіндік мол», - дейді ол.
Наурыз Бектасов, БҚО полиция департаменті патрульдік батальон инспекторы:
- Жұмыстанамыз деп ойлаймыз жаңа автокөліктерді күтіп ұстап. Осы көліктер қоғамдық тәртіпті күзетуге шығады. Қоғамдық тәртіпті қадағалауға. Бұрынғы көліктер ескірді ғой. «Жак» берді, одан бұрын «Шкодалар» болды, одан бұрын Ваз-2110 болды.
Биыл облыстық полиция департаментінің материалдық-техникалық базасын жарақтандыруға 5,7 млрд. теңге бөлінді. Соның 2,1 млрд.теңгесіне 148 автокөлік алынды. 685 млн.теңгеге 21 «Призма-Stos» жылдамдық өлшегіші орнатылды. Өзге де қажетті құралдарға қол жетті. Соның нәтижесі шығар қылмыс саны 25 пайызға төмендеген. Салтанатты шарада сөз алған өңір басшысы тәртіп сақшыларына барлық жағдай жасалатынын атап өтті.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Мемлекет басшысының алдымызға қойып отырған мақсатты тапсырмаларының бірі құқық қорғау органдары саласын материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету. Биылғы жылы облыс бюджетінен біз полиция қызметкерлерінің жұмысын қамтамасыз етуге былтырғымен салыстырғанда 20 пайызға қаражатты көбірек бөлдік. Енді полиция жақсы да нәтижелі жұмыс істейді деген сенімдемін.
Өңірде қылмыс саны кемігенімен жол-көлік оқиғалары 24 пайызға артқан. Ендігі мақсат жол апатының алдын алу дейді полция департаментінің басшылығы.
Е.Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов