Атырау облысындағы мемлекеттік қызметшінің өнегесі елге үлгі
Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір мемлекеттік қызметшінің отаншыл, адал болуы және өз ісіне жауапкершілікпен қарауы өте маңызды.
Қазір Атырау облысындағы 255 мемлекеттік органда 3 мыңға тарта қызметкер жұмыс істейді. Олардың арасында көпке үлгі боп жүрген үздігі де жетерлік. Өңірдегі әріптесіміз «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісінің иегерімен тілдесіп қайтты.
Бұл үздік мемлекеттік қызметкер Әлібек Ермекқалидің шаңырағы. 9 баланың әкесі отбасында үнемі ұлттық құндылықтарды дәріптеп отырады. Тұңғышы былтыр жоғары оқу орнын аяқтап, еңбекке араласқан. Кішісі мектепалды даярлық сыныбына барады. Көргені көп, тірлігі көпке үлгі әке ұл-қызының білім алуына үлкен мән береді. Мектептегі әкелер кеңесін басқаруға да уақыт тауып жүр.
Әлібек Ермекқали, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы:
- 10-ға дейінгі балалар ешқандай телефонға жақын емес. Және оны ұстауға мен тыйым саламын. Ол біріншіден өзінің денсаулығы үшін керек, екіншіден тәуелділікті жою үшін керек. Қолдан келгенше әр балама әр саланың маманы болуға жұмыстанғым келеді. Себебі мен ойлаймын, әр саланың маманы болатын болса, бір жанұяда жинақталатын болса, ол да бір үлкен жетістік.
Әлібек Серікқалиұлы 21 жыл бойы мемлекеттік қызметте. 2018 жылы жер қатынастары басқармасының басшысы боп тағайындалған. Ұжымдағы бірлікті жоғары бағалайды. Әріптестері арасында абыройы да асқақ, үлгі-өнегесі де көп.
Ерлан Ермахамбетов, облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы:
- Бізде үздік мемлекеттік қызметші төсбелгісін иеленіп жатқан қызметкерлер бар. Соның бірі Ермекқали Әлібек Серікқалиұлы. Оның 20 жылдан астам мемлекеттік қызметте өтілі бар. Басшылық лауазымда да жұмыс атқарады. Жақсы бір ерекшелігі – 9 ұл-қыз тәрбиелеп отырған үлгілі әке.
Келер жылы облыста өңірлік кадрлық резерв жасақталады. Осылайша Әлібек Ермекқали сынды талантты да, табанды жастар конкурссыз басшылық лауазымдарға тағайындалады.
Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов