Атырауда 50 бала «Ерте араласу» бағдарламасы көмегімен оңалтудан өтті
Елде мүгедектігі бар балалар көбейіп барады.
Атырау облысының өзінде 4 мыңға жуық бала есепте тұр. Биыл «Болашақ» арнайы орталығында 50 адам «ерте араласу» бағдарламасының арқасында оңалтудан өтті. Бүлдіршіннің бойындағы дерт неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым емдеу шаралары нәтижесін береді, дейді мамандар. Бағдарламаға «Теңізшевройл» компаниясы қолдау көрсеткен.
Әсия Теңізбаева «Болашақ» орталығына Жаңа Қаратон кентінен келген. Бір жарым жастағы қызының дамуында тежелу барын байқаған бойда осындағы мамандарға жүгінген. Қазіргі нәтиже көңіл қуантарлықтай дейді.
Әсия Теңізбаева, Жаңа Қаратон ауылының тұрғыны:
- Жүре алмайды, еңбектей алмайды, отыра алмайды. Біз 7 ноябрьден бастап келіп жүрміз. Осы реабилитационный центрге келгелі нәтижені көріп жатырмын. Қандай нәтиже десеңіздер: отыра аламыз, кішкене басымызды көтере аламыз. Бір орында отырып оң жаққа, сол жаққа аяғымен қозғалып жүр. Өте жақсы, ұнады маған.
Биыл басталған жоба көп күттірмей оң нәтижесін берді. Оңалту бағдарламасына қатысқан 3 жасқа дейінгі 50 баланың жағдайы жақсарды. Ата-аналар да дән риза.
Әдемі Тұрсынғалиева, "Болашақ" оңалту орталығының нұсқаушысы:
- Осы жобаның арқасында 50 шақты баламен жұмыс жасадық. Өте қуаныштымыз осы жобаның арқасында балаларға көмектесіп, балалардан нәтиже көріп жатқанымызға. Біз массаж с элементами ЛФК жасаймыз, кинестетикс жасаймыз. ПНФ терапия жасаймыз. Соның арқасында нәтижеге жетіп жатырмыз.
«Ерте араласу» бағдарламасын енгізу аясында биыл Жылыой ауданының орталық емханасы және Атыраудағы №1, №7 емхананалардың 200-ден астам маманы заманауи әдістемелерді меңгерді. Бұл дамуы тежелген балаларды ерте анықтап, алдын алуға мүмкіндік береді.
Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов