Атырауда үздік жастар марапатталды

Атырауда үздік жастар анықталды.

Олар 10 аталым бойынша арнайы сыйлықтармен марапатталды. Өңірде алғаш рет ұйымдастырылған шараға қалалық Жастар ресурстық орталығы мұрындық болды. Кімдер өзгелерге үлгі болды? Қандай аталымдар бойынша жүлделер берілді?

Әсем ән, көңілді би, жалынды жастар. «Жыл үздігі-2023» премиясы ерекше басталды. Жастардың дайындығы көңіл қуантты. 100-ге жуық қатысушының арасынан озып шыққан 10 номинант сахнада марапатталды. Солардың бірі – Болашақ Сүйекенов. Ол биыл джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды.

Болашақ Сүйекенов, «Үздік жас спортшы» аталымының жеңімпазы:

- Қазақстан чемпионатының үш дүркін чемпионымын және 2022 жылы БАӘ-де Абу-Даби қаласында өткен әлем чемпионатында чемпион атандым. 2023 жылы Қазақстанда өткен әлем чемионатының қола жүлдегері атандым. Осылай менің жетістігімді елеп, үлкен сахнада жария етіп, марапаттағандарыңызға рақмет.

Әйгерім Смағұлова, «Үздік жас кәсіпкер» аталымының жеңімпазы:

- «Кербез сұлу» деген жеке брендімді дамытудамын. Сауда-саттықпен айналысамын. Соңғы кезде жаңа кәсіп бастағысы келетін жандарға оқыту сабақтарын өткіземін. Жеке кәсіп бастау бойынша 4 студентім бар. Олардың ішінде үшеуі нүкте ашып, бизнеспен айналысып отыр.

«Жыл үздігі» премиясында студенттер, оқушылар, волонтерлер мен журналистер, мұғалім мен пікірсайысшы, жастар ұйымдары бақ сынады. Үздіктеріне ақшалай сыйлық табысталды. Жастардың жыл бойы атқарған жұмысын арнайы комиссия бағалады.

Гүлназ Арыстанова, қалалық Жастар ресурстық орталығының маманы

- Үздіктерді Жастар ресурстық орталығының мамандары ақылдасуымен олардың жетістіктеріне және сонымен қоса волонтерді алып қарайтын болсақ, мәселен, қандай бағытта волонтерлік жұмыстарды жасап жүр, қайырымдылық бағыты ма, елге қандай көмегі тиді? Сол жағына ден қойып, барлығының жетістігін салыстырмалы түрде қарап, соған мән бердік.

Жастарды қолдауға бағытталған мұндай шара келер жылы да жалғасады. Биыл қала көлемінде өтсе, енді облыс жастарын қамту жоспарланған. 

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов.